Ақтөбе облысында Өзбекстан азаматтары мінген автобустың өртеніп, қайғылы оқиғаның орын алғаны белгілі. Қазір осыған байланысты жол бойын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атырау облысында жүргізілген шара кезінде жолаушы тасымалдауда құқық бұзғандар анықталуда.

Жақында Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері Өзбекстан азаматының басқаруындағы «Ford Tranzit» автокөлігін тоқтатқан. Автобус Маңғыстау облысынан Ресей Федерациясының Астрахан қаласына қарай бағыт алған екен.

Тексеру барысында автокөлік салонынан 15 жолаушы анықталды. Барлығы да Өзбекстанның азаматтары. Алайда, жолаушыларды шамадан тыс көп тиеген бұл бір көлік емес екен. Көп ұзамай республикалық маңызы бар «Доссор-Құлсары-Бейнеу» тасжолы бойында тағы да екі автобус ұсталған.

Құқық қорғаушылар барлық жолаушыларды жақын маңдағы қоғамдық тамақтану орындарына жеткізіп, одан әрі көші-қон полицейлері оларды Ресей Федерациясына жеткізу үшін жолай көліктерге отырғызыпты. Ал, тоқтатылған  үш автобустың жүргізушілеріне қатысты 7 әкімшілік хаттама толтырылған.

Жалпы, «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы барысында 697 заң бұзушылық анықталған. Әкімшілік хаттамалар көбінесе жылдамдық асыру, қоғамдық көлікті басқару кезінде телефон құралдарын пайдалануға қатысты тіркеліп отыр.

Гүлзада Қожабергенқызы

Атырау облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here