Қазіргі таңда Қызылорда облысында үскірік аяз бетті қарып, жергілікті тұрғындар бүрсең қаға бастады. Қыс мезгілі қаһарына мініп, күн қабағы да құбылып тұр. Дегенмен, ауа райының осындай қиын сәтіне қарамастан жолға шығатын жолаушылар кездеседі. Төмендегі екі оқиға сол сөзімізге айқын дәлел. Екі оқиға да облыстың солтүстік бөлігінде орын тепкен Арал ауданында орын алды. Бұл жөнінде облыстық ішкі саясат басқармасы төмендегіше мәлімет таратып отыр.

Арал қаласының тұрғыны қасына 2000, 2002 жылы дүниеге келген екі баласымен Тоқабай ауылдық округіне қарасты «Төсшеген» мал жайылымынан УАЗ маркалы автокөлігімен Арал қаласы бағытына қарай жолға шығып кеткен.

Сондай-ақ, осы ауданның Сексеуіл және Ақтөбе облысы, Шалқар ауданына қарасты Базой елді мекенінің тұрғындары Ақеспе елді мекені мен Сексеуіл кенті аралығында 2 УАЗ маркалы автокөлігімен қар құрсауында қалған. Олардың жалпы саны – 6 адам.

Болған жағдайға байланысты Арал аудандық төтенше жағдайлары, аудандық ішкі істер бөлімі мен аудан әкімі аппаратының қызметкерлерінен жасақталған топ оқиға орнына аттанып іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 11-ші қаңтар күні сағат 09:30 шамасында «Төсшеген» мал жайылымынан УАЗ автокөлігімен Арал қаласына бағыт алған азамат екі баласымен табылды. Олар аудан орталығына жеткізіліп, алғашқы көмек көрсетілді. Олардың жағдайлары жақсы. Адам шығыны жоқ.

Сондай-ақ, Ақеспе елді мекені мен Сексеуіл кенті аралығында қар құрсауында қалған адамдар да табылды. Олар Сексеуіл кенті орталығына жеткізіліп, алғашқы көмек көрсетілді. Жағдайлары жақсы. Адам шығыны жоқ.

«Қазір еліміздің барлық аймағында аяз түсіп, қыстың ең суық кезеңі басталды. Сондықтан, алыс жолға шықпай, сақтық шараларын қолға алғандарыңыз абзал», – дейді төтенше жағдайлар саласының мамандары.

Дәурен Таңатаров

Қызылорда облысы

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here