АҚША ҮШІН АДАМ ӨЛІМІНЕ СЕБЕПШІ БОЛДЫ

Қазір адам өмірін келтеден қиып, одан әрі тайраңдап жүре беруге ниеттілер аз емес. Өкініштісі, мұндай жағдайлар жиі орын ала бастағаны қынжылтады.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адам өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша аса ауыр қылмыс жасаған сотталушыларға айыптау үкімі жарияланды.

Қолын қанға малған сотталушы Н. жәбірленуші Е-ден қаладағы банкілердің бірінен ірі көлемде несие қаражатын алуға көмек беремін деп уәде береді. Ол үшін керек деп одан 225 мың теңге алған. Алайда, бұл ақшаны сотталушы өз пайдасына жаратып жіберген. 2017 жылдың 3 қазанында жәбірленуші несие ала алмаған соң сотталушыдан ақшасын қайтаруды талап еткен. Бірақ, сотталушы аталған қаражатты қайтармай, жәбірленушіні буындырып өлтіреді. Оның құны 139 мың теңге тұратын ұялы телефонын жымқырып, автокөлігін де заңсыз иемденіп алған. Мәйітті өртеп, тағы бір сотталушы С-ға хабарласып, оған таза киімдер әкеліп беруін өтінген. Жолдасы келген соң, екеуі автокөлікті Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласына алып барады. Онда тағы бір сотталушы Т-мен хабарласып, автокөлікті өткізуге көмек сұраған. Өз кезегінде сотталушы Т. жасалған аса ауыр қылмыстан бейхабар болған. Бірақ көліктің қылмыстық жолмен табылғанын біліп, жәрдемдесуге келісім берген. Ол Түркістан қаласына келген соң, болған оқиға жайлы білген. Алайда, ол бойынша құқық қорғау органдарына хабарламаған. Сотталушы Н. жәбірленуші Е-нің ұялы телефонын 50 мың теңгеге сатып жіберіп, өз пайдасына жаратқан. Автокөлікті сатып алатын адамдарды іздеп жүрген жерінен Түркістан қаласында ұсталған.

Сот үкімімен сотталушы Н. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 8) тармағымен (пайдакүнемдік ниетпен адам өлтіру), 188-бабының 1-бөлігімен (ұрлық) кінәлі деп танылып, түпкілікті 16 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге деп белгіленді. Сотталушы С. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 434-бабымен (жасалғаны анық белгілі аса ауыр қылмыс туралы хабарламау) кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеуге деп белгіленді. Сотталушы Т. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 68-бабының 1-бөлігінің талабына сай, жәбірленушімен татуласуына байланысты оған қатысты қылмыстық іс қысқартылды.

Дәурен Таңатаров
Қызылорда облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here