Бас қаланың бас ауруының бірі — баспана мәселесі. Дағдарыс дендеп, қазақтың қалтасы жұқарғанымен де үй бағасының «жұқаратын» түрі көрінбейді. Қазіргі таңда Елордада көпқабатты тұрғын үйдің шаршы метрі 260 мың теңгеден басталып, ары қарай аспандай береді. Ал миллион долларға бағаланатын коттеждер өз алдына бөлек әңгіме. Осыған орайлас Астанадағы жалдамалы пәтер құны да жыл сайын өсіп келеді. Кешегі кер заманда тәуелсіз отанды аңсаған қазақ, енді егемен елінде отырып, тәуелсіз баспананы армандайтын болды. Ал, бұл мұқтаждықтан құтақарар «жарылқаушы», Алаш жұртына бұйыра ма, жоқ па ол келешектің еншісіндегі шаруа сияқты.

Осыдан бірер жыл бұрын үкіметтің пәрменімен «әрбір Қазақстандықтың баспана тұрғызуға 10 сотық жерді тегін ала-алатындығы» жария етілгені белгілі. Астанада сол науқанның арты ұзын-сонар кезек пен қызыл-қырғын төбелеске ұласа жаздап барып әрең тоқтады. Сөйтсек, қала төңірегінде үй салуға ыңғайлы жер телімдері қалмаған екен… Алайда Астананың халық саны күн санап өсіп келе жатыр. Көбісі жастар, біреулері өзгелермен бірлесіп пәтер жалдаса, тағы біреулері екінші деңгейлі банктердің көгендеріне қосақталып дегендей өмір кешіп жатыр. Ал мемлекеттен тегін баспана алу дегеніңіздің жанында лотореядан ұтып алу әлде қайда қолжетімді арман екені тағы бар.

Осындай қажетсінулерден кейде тың идеалар туындап та жатады. Жақында сондай бір игі бастамамен танысып қайттық.

Құрылғанына 1 жыл толған Республикалық «Жас отау» қоғамдық қоры біраз адамдардың басын қосып жиналыс өткізді. Жас отбасылардың баспанаға деген қажеттілігін шешуді мақсат ететін «Жас отау» қоры, қазірге дейін Астана іргесіндегі Қосшы ауылынан 82 отбасына арналған екі қабатты үйді тұрғызып үлгерген екен. Фин технологиясымен салынған бұл үйді қыстап шыққандар, баспаналарының сапасы туралы бөтен пікір айта қоймапты. Бағасы 1,2 миллионнан 2 миллион теңге аралығында болатын қолжетімді үйлер, жас отбасылардың аяққа тұрып кетуіне көп көмегін тигізетін көрінеді. Алайда кооперация негізінде жүзеге асырылған жобаға, жергілікті әкімдіктің адамдары, «әкімдердің қаулыларын алмадыңдар» дегенді көлденең тартып, ол үйлерді қиратып тастауға «ниеттеніп» жатыпты. Ал қоғамдық қордың басшылары ата заңның тармақтарына сүйене отырып салған үйлерінің «заңға томпақ келмейтіндігін» алға тартып, «кәдімгідей» соттасып жүр екен.

Жиналғандарға өздерінің жоспарларын түсіндіріп шыққан, «Жас отау» қоғамдық қорының төрағасы Асхат Базарханұлы мен қордың құрылтайшысы Айдын Ырысбекұлы көпшілік алдында қазірге дейін тындырған жұмыстары мен алдағы мақсаттары туралы әңгімелеп берді.

Алдымен сөз алған Асхат Базарханұлы басты түйткілдің жер  телімдеріне қол жеткізу болып тұрғанын айтты.

«Бізге ең басты мәселе жер телімін алу. Егер бұл талап орындалса, халыққа үлкен көмек болар еді. Біз көтеріп отырған бастаманың экономикалық негізі бар. Қолжетімді үй салудың әртүрлі дүниежүзілік технологияларын зерттеп жүргеніме 10 жыл болды. Құрылыс саласынан да жақсы хабарымыз бар. Бұл үйлер ең алдымен жас отбасыларға қажет. Сипаты кәдімгі көп қабатты тұрғын үйлердегі жеке меншік пәтермен бірдей. Құрылысы 2-3 қабаттан аспайды. Тек қана жаңа технологияларды қолдана отырып саламыз. Қазірге дейін осындай үйлердің бірнешеуін салып пайдалануға беріп отырмыз. Алда бұл жұмысты одан әрі жандандырсақ деген ойымыз бар. Астананың ауа райына финдіктердің технологиясы негізіндегі термос үйлер қолайлы. Ол үшін сырттан жазғы ыстықты кіргізбейтін, қыста іштегі қызыл инфрасәулелерді сыртқа шығармайтын айна саламыз. Отражатель дейді оны. Сосын жай үйлерге қарағанда энергияны 50 пайыз үнемдейді. Үй салған кезде оның қорабын, қаңқасын тұрғызғанда, тек қана іргетасын салуға жалпы шығынның 30 пайызы жұмсалады. Ал мынау финдік технология бойынша іргетасын ғана бетондап, соның үстіне де тұрғыза салуға мүмкіндік бар. Біз алып отырған бұл технологияның пайдалы жерлері өте көп. Ең басты пайдасы Алматы, Тараз, Шымкент секілді елді мекендерге, жер сілкінісі болады деген аймақтарға 9 балдық күшке төзімділігі анықталды. Қазір жапондықтар тығыздығы жоғары пенопластан үй салып жатыр. Бізге жер берсе болды, пенопластан, ағаш каркас панелден де салып береміз. Тек бізге үкімет мүмкіндік берсе жетеді», — дейді Асхат мырза.

Өздерінің алдағы мақсаттары туралы айтқан Асхат Базарханұлы бұл бастамаларын тек қана өздері «патенттеп алудан» аулақ екенін жасырған жоқ.

«Біздің негізгі мақсат, ойға алған механизмді жолға қою. Республиканың өзге аймақтарынан да филиалдар ашу ойымызда бар. Ал «Жас отаудың» алдағы мақсаты мынадай. Ең әуелі қала сыртынан кооперативті үйлер салу үшін үкіметтен тегін жер телімдерін сұрау. Онан соң жаңа технологиялардың жетістіктерін пайдалана отырып, шағын және орташа көлемді 2-3 қабатты қолжетімді үйлер салу. Инвесторлардан қайтарымды және қайтарымсыз несие алуға қол жеткізу. «Жасыл экономика» бағдарламасына сай, Қазақстанда бұрын-соңды болмаған тың жоба — инновациялық толық автономды термос үйлер салу», — деді ол.

Бұл баяндамаларды тыңдағаннан кейін өз пікірлерін білдірген көзі қарақты азаматтардың көпшілігі ризашылықтарын білдірді. Алайда тұрғын үй бизнесімен айналысып жатқан дөкейлердің қитығына тиіп, «жоғарғы жақтан жолдарыңды кесіп түспесе болғаны» деген нар күмәндарын да жасырған жоқ. Еш кедергісіз жалғаса берсе, баспанаға мұқтаж талай жас отаулар мен кембағал жандарға жылылық сыйлағалы тұрған жобаны, жоғарғы жаққа таныс етіп, «үлкендердің мақұлдығын алғағандарың ең абзал» деп ақыл көрсеткендер де болды. Әрине, мұның барлығы алдағы күннің еншісінде.

Бас қосу кезінде «Казжилстрой-Кооперация» кооперативінің жасаған сараптамасы да алға тартылды. Оған сенсек, қазіргі таңда Қазақстанда 2 миллион 300 адамның басында панасы жоқ екен. Үкіметтен тегін жер телімін алу үшін 1 миллион 300 адам кезекте тұрған көрінеді. Соның ішінде 100 мың адам Елорда тұрғындары екен. Қазақ елі ен байлықтың үстінде отырғанымен де, «тұрғындарының көбі кедейлік деңгейінде өмір сүретіндігі» соңғы кездері «жаман сөз айтпайтын жақсылардың да» ауызынан шыға бастады.

Халықтың бір түсіне алмай жүргені — бүлкілдеп өсе беретін баға мен бір көрсеткіштен жылжымайтын жалақының ара қатынасы болып тұр. Сол мардымсыз жалақымен жүріп «басына үй тігіп, бауырына қазан асқан» азаматтардың қатары қалай көбейсін? Сұрақ көп, жауап жоқ… Сол кетіктің орнын аздап болса да толытруға ұмтылыс жасап жатқан жас отаудың бастамасы жалғаса берсін дейік.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

Астана қаласы

 

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here