БЕКБАЕВ БАТАГӨЙ ҚАРИЯ АТАНДЫ

Жуырда Үржарда «Ақ бата-Асыл мұра» атты батагөй ақсақалдар арасында сайыс болып өтті. Оған өңірдегі ауыл округтерінен 20-дан астам батагөй қариялар қатысып, жиналған жұртшылық алдында бата беруден бақтарын сынады.

Үш турдан тұрған сайыс барысында батаның түрлері бойынша өзара сынасқан данагөй қарттар ел тәуелсіздігі жайлы, жас жұбайларға, шаңыраққа т.б. тақырыптар бойынша бата беруден мүмкіндіктерін байқатты.

Сайыс қорытындысы бойынша Қарақол ауылынан келген 92 жастағы Зияда Бекбаев ақсақалға тең келер жан болмады. Ол кісі өзінің мағыналы да мәнді баталарымен жиылған жұртты таң-тамаша етті.

«Жалпы, қарақолдық Зияда Бекбаев ақсақалдың батагөйлігі жөнінде біз естіп, білгенбіз. Бұл кісі мәнді де мазмұнды баталарымен, тақырыптарының сан алуандығымен талайларды тәнті етіп келе жатқан қария. Бұл жолы да ол кісі бәйгемді шаппай бер демей, өзін батагөй қарттар арасында сынап, дәлелдеп шықты», — дейді әділ қазылар алқасының төрағасы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрланбек Сандыбаев.

Үржар аудандық әкімшілігі ішкі саясат бөлімімен бірлесіп өткізген бұл шара көптің көңілінен шықты.

Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here