Атырау қаласында Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІІ кезеңі өткізілген болатын. Оған 700-ге жуық оқушы қатысты. Екі күнге созылған білім бәйгесінің салтанатты жабылу рәсімі Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті.

Байқаудың бірінші кезеңіне 15 пәннен 9-сыныптың 266, 10-сыныптың 200, 11-сыныптың 192 оқушысы қатысты. Екінші кезеңге барлығы 552 оқушы жолдама алып, бақтарын сынады. Қорытындысында, 321 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде 52 оқушы жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, 97 оқушы екінші орынды жеңіп алса, 172-сі үшінші орынды иеленді.

Командалық есепте облыстық білім мекемелері арасында «Білім-инновация» мектеп-лицейі бірінші, дарынды балаларға арналған ұлттық гимназия шәкірттері екінші орынға көтерілді. Ал, қала, аудандар арасындағы командалық есепте екінші орынды Атырау қаласы, үшінші орынды Махамбет, Қызылқоға, Мақат аудандары иеленді.

Білім сайысына төрелік еткен қазылар алқасының төрайымы, ардагер ұстаз Нұрзила Сәрсенова олимпиада кезінде оқушылар тарапынан еш өрескел қылық байқалмағанын, шәкірттер тәртібі мен білімі жағынан да зор жауапкершілік танытқанын айтты. Жиын соңында барлық жеңімпаздар облыстық білім беру басқармасы тарапынан марапатталды.

Гүлзада Қожабергенқызы

Атырау облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here