БІР АЙ ІШІНДЕ 13 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АУДАРЫЛДЫ

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмыс жасай бастағанына бір ай өтті. Осы жүйенің қажеттілігі, оның тиімді тұстары Атырау қаласындағы Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен кеңейтілген жиында талқыланды.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев бір ай көлемінде атқарылған жұмыстардың негізгі нәтижесіне тоқталды. Айтуынша, жаңа жүйенің талаптарына байланысты тұрғындардың 80 пайызы өз статустарын анықтаған.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жұмыс жасайтын адам қорға жарна аударуы тиіс. Алайда, жұмыс орындарымен келісім-шартқа отырмаған, ешқандай зейнетақы аударымдары жоқ, еңбек ақысын қолма-қол алатын немесе жұмыссыз 49 мыңға жуық азамат анықталып отыр. Бұл тұрғындармен және оларға жұмыс ұсынушы мекемелермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың қазіргі саны 19 мыңға дейін азайды. Өткен бір ай көлемінде қорға 13 миллион теңгеден астам қаржы аударылды. Еңбекақы есебінен аударылатын жарна әр айдың 25-не дейін төленіп болуы керек»,- деді ол.

Айта кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде барлық санаттағы дәрігерлердің көмегіне 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тегін жүгіну мүмкін болмақ. Яғни, учаскелік дәрігер жолдама қағазын берсе, тексеру түрлерінен тегін өтеді. Сонымен қатар, жиында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру әлемдік тәжірибеде бар тиімді жүйе екендігін атап өтті.

Тұрғындардың 70 пайызынан астамы медициналық сақтандыру туралы ақпараттанған. Бұған «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы да атсалысуда. Толықтай ақпарат алғысы келгендер денсаулық сақтау министрлігінің арнайы сайтына кіруіне болады. Азаматтар кез келген клиникалар мен e.gov порталы арқылы өз статустарын анықтай алады,- деген ол жарнаны төлеу тетіктері туралы толығырақ түсіндіріп берді.

Гүлзада Қожабергенқызы
Атырау облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here