АҚШ-ның беделді ақпарат құралдарының бірі Колумбия радиосы (CBS) 28 сәуір күні хабарлама таратып, күллі дүние көз тігіп отырған КХДР басшысы Ким Чен Ын мен АҚШ Президенті Доналд Трамптың кездесетін орны ретінде Ұланбатыр мен Сингапурдың бірі таңдалатындығын жария етті.

Трамп мырза өткен сенбі күні өзінің Твиттер парақшасында «қазір ғана Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Инмен телефон арқылы ұзақ әңгімелестім. Жоспарларымыз оңына басып келеді. КХДР басшыларымен кездесетін уақыт пен орын мәселесі туралы соңғы шешімге келіп те қалдық» деп жазды.

Таяудан бері әлемдік ақпаратта үлкен аңыс қозғаған саяси оқиға, қос Корея басшыларының кездесуі болды. Өте сәтті өткен бұл кездесу алдағы жерде Корей түбегінде бейбітшіліктің орнығуына ықпал етеді деген сенім де жоқ емес. АҚШ-тың Азиядағы одақтастары Жапония мен Оңтүстік Кореяның үрейін ұшырып отырған Пхениянның ядролық қаруларды қайта-қайта сынақтан өткізу ісі соңғы екі жылда халықарадағы маңызды мәселеге айналған еді. Кейбір сарапшылар «дүние жүзілік 3 соғыс Азияның шығысынан басталуы мүмкін» деген болжамдарына дәлел ретінде Корей түбегіндегі қырғындағыш қарулар сынағы мен Қытай мен Тайвань арасындағы текетіресті болжаған болатын. Алайда Солтүстік Корей басшысы Ким Чен Ын соңғы кезде сабасына түскен сыңайлы. Ол өткен айда Қытайға сапарлай барып қайтқаннан кейін, тарихта маңызды дата ретінде қалатын «65 жылдан кейінгі кездесуге» ниет білдірді.

Ендігі түйіні тарқатылатын мәселенің бірі АҚШ Президентімен кездесу болмақ. Бұл туралы да әлемдік ақпарат құралдары демдерін ішке тартып күтіп отыр.

Ерқазы Айтмұхаммедұлы

Астана қаласы

 

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here