Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғы мен тоқсаныншы жылдардың басында Ақтөбе қаласы мен Қарғалы селосының қақ  ортасынан ойып орын алып, «Заречный-2» елді мекені бірден қарқындап бой көтерді. Рас, ерекше көзге түсті. Бұл жер ел аузында «Патша селосы» («Царьское село») деп аталып кетті.

Мемлекеттік «Тұрғын үй – 91» бағдарламасы бойынша мыңдаған адам жинақ банктен 3 пайыз мөлшермен (!) несие алып, осы жерге жеке үйлер салып, қуанышқа бөленді. Мұнда қазірде шамамен 10 мыңға тарта адамдар мекендеп отыр. Алайда, бүгінде Заречный-2 елді мекені елеусіз қалған елді мекенге айналды. Шалғайдағы ауыл сияқты, көшелерінде электр жарығы жоқ, көріксіз, жолдары ойдым-ойдым асфальттанбаған, мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, дәріхана атымен жоқ, көшелері  атаусыз…

«Заречный-2» елді мекенінің жоғарғы жағы «Ақтөбе-Хромтау» тас жолының, төменгі жағы Ақтөбе-Қарғалы тас жолының бойында орналасқан. Осы төменгі жақтағы жолдың бойымен келе жатқан №19 бағыттағы автобус  «Келешек» аялдамасына тоқтағанда, көліктен әзер дегенде түскен үш-төрт қарияның бірі қолымен күнді көлегейлеп:

-Шырағым, 567-інші учәстөк қай жерде? – деді, соңдарынан ілесе түскен жас келіншекке.

– Әже, деді келіншек қарияларға кезек-кезек қарап. Үйден шығарда баратын жеріңіздің адамдарына  алдын ала телефон соқпадыңыздар ма? Егер олар күтіп алмаса, адасып кетесіздер. Өйткені, мұнда үйлер сандардың реті бойынша орналаспаған. Сіздер іздеген үй 200-інші немесе 300-інші, немесе 700-інші үйлердің маңында болуы мүмкін. Іздеген учаскені нөмірімен таба алмайсыздар. Адасып кетесіздер.

– Сонда, бұл жерде көшелердің атаулары жоқ па? – деп кейістік  білдірген  қарияға:

– Кімнің үйін іздеп жүрсіздер? Мүмкін мен танитын шығармын? – деп,  келіншек  жөн  сілтегісі  келді.

– Үлкен шалдың үйі, – деді де, әже қайын атасының атын қалай айтарын білмей абдырап аз-кем тұрды да, жан-жағына қарап алып, «басқа қариялар  есітіп  қоймасын» деген сақтықпен:

– Сексен Тоқсанбаевтың үйі, – деді келіншектің құлағына сыбырлап…

Бұл анекдот емес, ащы шындық! Бұл елді мекенде төрт-бес  көшеден басқа көшелердің атаулары жоқ. Учаскелердің нөмірлері рет санымен берілмеген. Сондықтан, бұл жердің тұрғындары  қонақ немесе «жедел жәрдем» шақырса,  Ақтөбе-Қарғалы тас жолының бойынан өздері күтіп алуға мәжбүр болады. Әйтпесе, учаскелік нөмірімен іздеген үйіңді таба алмай, адасып кетесің…

Көктем мен күз «Заречный-2» елді мекенінің тұрғындары үшін өте қиын кезең. Жаңбыр мен қар араласып, асфальты жоқ көшелердің миын шығарып жібереді. Балалар түгілі ересектердің өздері жолда тайып құлап, киімдерін бүлдіріп жатады. Әсіресе, электр жарығы жоқ көшеде түнде жүру мүмкін емес.  Балаларын мектептен күтіп алған ата-аналар болса:

– «Былай жүр» — дедім ғой саған, дейді анасы баласына кейіп. Аяғың тайып, тағы да шалшыққа құлайсың!

– Түк те көрінбейді, – деп міңгірлейді баласы. «Соқыр теке» ойнап жүрген сияқтымыз.

– Балаң дұрыс айтады, – деп сөзге араласты балаларын жетектеген  екі ата-ана. «Соқыр теке» ойнап жүрген сияқтымыз. Көшелерге электр жарығын орнату керектігі туралы қала әкімдігіне талай рет айтылды. Бірақ, құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Шалғайдағы ауылда тұрып  жатқан  сияқтымыз…

Бұл да шындық. Іргесі қаланғанына отыз жыл болып қалған «Заречный-2» елді мекені Ақтөбе қаласының құрамдас бір бөлігі болып саналғанымен, бұл елді мекен абаттандырылмаған. Қала әкімдігінің осы мәселеге жауапты мамандары бір рет те бұл жерді абаттандыруға көңіл аударып көрген жоқ. Егерде олар осы жерді мекендесе, бұл мәселе әлдеқашан  шешілген  болар  еді!

Жоғарыда айтқанымдай, мұнда көпшілік көшелердің атауы жоқ. Көшелер асфальттанбаған, жарықтанбаған. Тұрғындар өздері бағанаға шам орнатып еді, Ақтөбе қалалық электр желісінің адамдары келіп сымдарын қиып кетті. Тек кеткен жоқ, «тағы да қоссаңдар – айыппұл саламыз!» деп сес көрсетіп кетті. Ал, қаланың асфальттанған көшелеріндегі шамдар кейде талтүске дейін жанып тұрады! Мұны Ақтөбе қалалық электр желісінің адамдары көрмейтін сияқты!

Тағы бір айта кететін мәселе – мұнда орталықтандырылған арналық кәріз жүйесі жоқ. Бұл жүйе бір жағы «Келешек» аялдамасы жанындағы бес қабатты үйге дейін, екінші жағы «Заречный-4» елді мекеніне дейін жүргізілген. Осы екі орта үзіліп қалған.

Бұл елді мекеннің төменгі жағында бастауыш білім беретін жалғыз  шағын комплектілі мектеп-балабақшадан басқа орта білім беретін  мектеп пен арнаулы балабақша жоқ. Амал жоқ, балалар қалаға немесе Қарғалы селосына барып оқиды. Ал, Қарғалы селосында оқитын балаларды мектеп автобусы тек қана «Заречный-4» елді мекеніне дейін ғана тасиды. Бірақ таяқ тастам жердегі іргелес «Заречный-2»-ге бармайды. Ал, бөбектерді балабақшаға  орналастырудың  қиындығы  өз  алдына  бөлек  әңгіме.

Ал, жақында ғана бес-алты жылдың ішінде  бой көтерген «Заречный-3», «Заречный-4», «Ақжар-2», «Нұр Ақтөбе» елді мекендері тез арада абаттандырылды. Олардың көптеген көшелері асфальттанған, жарықтандырылған. Бұл жерлерде балаларға да жақсы жағдай жасалынған. Қазіргі заманға сай мектептері мен балабақшалары да бар. Оқушыларды мектеп автобусы тасиды. Ауылдардың көшелерімен жүріп, тұрғындарға  қаладағыдай жолаушылар тасымалы қызметін  көрсететін  өз  автобустары да   бар. Қандай  бақытты  тұрғындар…

«Заречный-2» елді мекенінің тұрғындары үшін тағы бір қиын жағдай – Алла сақтасын, егер біреу ауыра қалса, біріншіден, оларды дәрігерлік амбулатория мен дәріхананың жоқтығы қинайды. «Жедел жәрдем» шақырса, келіп болмайды. Келсе, өздері  іздеп  таба алмайды. Екіншіден, бұл елді мекеннің тұрғындары емделу үшін, әуелі «Заречный-1» елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаторияға барып, учаскелік дәрігерден жолдама алып, №2 қалалық емхананың маман дәрігерлерінің кеңесіне жүгінеді. Ал, бұл емхананың маман дәрігерлеріне қаралу үшін, оларға бір ай бұрын жазылып, талон алып, тіркеліп қоюың керек! Яғни, қай жерің  ауыратыныңды  бір  ай  бұрын  білуің  керек!

Бұрын «Заречный-2» елді мекенінің тұрғындары бірден №2 қалалық емханаға барып қаралатын. Учаскелік дәрігер де сол жерде отыратын. Дәрігерлерге де, тұрғындарға да ыңғайлы еді. «Заречный-1» елді мекенінде  дәрігерлік  амбулатория  ашылғаннан  кейін  жағдай  күрт  өзгерді. Бұл дәрігерлік амбулаторияда анализ жасайтын лаборатория және маман дәрігерлер жоқ. Бұл жерге ересектер мен балалар «ауырғандығы жөнінде анықтама» алу үшін келеді. Бірақ, немен ауырғаныңды дәл айта алмайтын учаскелік дәрігерден міндетті түрде емханаға жолдама алуың керек!

Жолдаманы ала салып, екі өкпеңді қолыңа алып, №2 қалалық емхананың маман дәрігерлеріне жүгіресің. Алла сәтін салса, тез қараласың. Сәтін салмаса, қанша уақыт болса да кезегіңді күтесің. Ана жолдама, мына жолдама керек деп, осы екі ортаға екі автобуспен талай рет барып-келуің керек! Нағыз машақат! Нағыз бюрократия!

Мысалы, мен бес-алты жылдан бері осы дәрігерлік амбулаторияда жүрек ауруы  бойынша арнаулы есепте тұрмын. Бірақ, учаскелік дәрігер бір рет те не телефон арқылы шақыртып, не өзі келіп менің денсаулығымды сұрап-біліп көрген емес. Ол тіпті маған мемлекет тарапынан кейбір дәрі-дәрмектер тегін берілуге тиіс екендігін де айтқан емес. Оны жақында біреулерден білдім. Сонда қалай, бес-алты жылдан бері маған тегін берілуге тиісті  дәрілер дәріханалар арқылы сатылып кеткені ме? Ол ол ма, олар менің өмірге келген кезімнен бастап, осы күнге дейін немен ауырғаным туралы тарихымды тізбектеп жазған қалыңдығы үш елі медициналық карточкамды да жоғалтып жіберді. Жоғарыдан тексерген болуы керек, жақында тездетіп маған биттің қабығындай дәптерге медициналық  карточка  ашып  қойды. Сонымен  іс бітті! Мені тағы да ұмытып  кетті!

Жалпы, «Заречный-2» елді мекенінің тұрғындары «Заречный-1» елді мекеніндегі бұл дәрігерлік амбулаторияның жұмысына көңілдері толмайды.

«Бізді қайтадан  бірден №2 қалалық емханаға барып қаралатын қылса жақсы болар еді!» деп армандайды «Заречный-2» елді мекенінің тұрғындары.

Бұл мәселеге облыстық денсаулық сақтау мекемесі тікелей араласпаса, тұрғындардың  армандары  арман  күйінде  қалатын  шығар.

«Отыз жылға жуық уақыт ішінде неге «Заречный-2» елді мекенін абаттандыруға  көңіл  бөлінбейді?» деген  сұрақ  мені үнемі  мазалайды. Бұл мәселе жөнінде мен  кезінде облыс әкімдері болған  Елеусін Сағындықов  пен Архимед Мұхамбетовке ауыл тұрғындары атынан бірнеше рет өтініш айтқанмын. Олар көмекшілеріне тапсырма беріп, «Ішкі мүмкіндіктерді қарастырып, бұл мәселені шешеміз» деп уәде берген болатын. Бірақ, абаттандыру мәселесі күні бүгінге дейін әлі шешілген жоқ.

1989 жылы мен осы жерге үй салуды бастағанымда, мемлекеттік бас жоспар (генплан) бойынша мұнда орта мектеп, балабақша, амбулатория,  дүкен салынуға тиіс екенін өз көзіммен көргенмін. Өкінішке орай, қалалық жер бөлімінің  «пысық  жігіттері» ол жерлерді  жеке  адамдарға  сатып жіберді.

Сол кездегі қала әкімінің орынбасары, марқұм Самат Сазанбаев суы балдай тәтті бұлақ пен балалар балық аулайтын тоғанның айналасын қоршап,  абаттандырып, демалыс паркін салуды армандаған еді. Өкінішке орай, ол арманын жүзеге асыра алмай арманда кетті. Қазір бұлақ та жоқ, тоған да жоқ, демалыс паркі де  жоқ! Ол жерлер де  сатылып кетті!

Айтыла-айтыла жауыр болған бұл мәселені Ақтөбе облысы әкімдігі  жанындағы облыс басшысы  Бердібек Сапарбаев төрағалық ететін «Қала құрылысы Кеңесі» тексеріп, шынайы шешім қабылдамаса, бұл жұмыстың қолға алынар түрі жоқ. Сондай-ақ, «Ақтөбе  қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне нақты тапсырма беріп, орындалуын мұқият қадағалап отырмаса, «Заречный-2» елді мекенінің тұрғындары  абаттандыру мәселесін тағы  да  отыз  жыл күтетін  шығар…

Индира КЕРЕЕВА

Ақтөбе облысы

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here