Бүгінде бауыр еті баласынан айырылып, үйлері мазарға айналған  отбасылар көп. Бірі тұңғышын жоқтаса, бірі жалғызынан айырылып қан жұтып отыр. Бір өкініштісі, олардың қазасы үлкендердің жауасыздығынан болуда. Жуырда Маңғыстауда арасына екі-үш күн салмай екі бірдей бала тоққа түсіп өлді. Қарақия ауданының Мұнайшы ауылында 5 жасар Бүркіт ашық тұрған трансформатордағы тоққа түсіп көз жұмды. Табаннан кірген тоқ бүлдіршіннің кіндік тұсы мен жанбасынан шыққан. Жансақтау бөліміне жеткізілген бала 15 сағаттан соң жан тапсырыпты. Бір мезетте тұңғышынан айырылып қалған ата-ана жауапты мамандарды айыптап отыр.

Оқиға болған күні бала қарындасымен қоршауы ашық-шашық жатқан трансформатордың жанында ойнап жүрген. Кішкентай бала нені білсін, ашық тұрған трансформатордың ішіне кіріп ойнаған. Ойын баласы өзіне қауіп төніп тұрғанын қайдан білсін, ашық тұрған стансаның ішіндегі сымды ұстаған сәтте, баланы 6 киловаттық тоқ ұрған. Тоқтың күштілігі сондай, баланы лақтырып жіберген. Зәресі ұшқан қарындасы жүгіріп барып анасына айтқан. Баланың жансыз денесін көрген ағасы дереу ауруханаға жеткізеді. Өкінішке орай, 15 сағаттан кейін Бүркіт көз жұмады.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, 7-8 жылдан бері трансформатордың аузы жабылмаған көрінеді. Бірнеше рет жауапты мекемеге ауызша ескерту жасағанымен, нәтиже болмаған. Қоршауының есігі ашық тұрғаны былай тұрсын, подстанцияның есігі де жабылмаған екен. Сонда қуаттылығы 6кВ болатын электр бағанасының ашық жатқаны ешкімді алаңдатпаған сияқты. Десе де жауапты мекеменің бұған айтар өз уәжі бар.

Мекеме өкілінің сөзіне сенсек, бұған Маңғыстаудың қатаң ауа-райы кінәлі көрінеді. Үнемі соғатын желдің кесірінен құлыптар шаң-тозаңға толып қалады екен. Қатты жел соққан күндердің бірінде, түнгі мезгілде ауылда жарық сөніп қалады. Ақауды жөндеуге келген бригада тот басып қалған алқаны бұзып ашуға мәжбүр болған. Жұмыстары аяқталған соң, сынған алқаның орнына сым байлап кетеді. Содан бері подстанса сыммен оралған күйде қалған деген сылтауды желеу қылды. Алайда Бүркіттің қазасынан кейін дереу мекеме қызметкерлері сол трансформаторға құлып салыпты.  Болары болғаннан кейін оянғандары қай сасқандары дерсіз. Ал ауыл әкімі болса, трансформатордың аузы ашық тұрғанын білмедім деп отыр. Осылайша мекеме қызметкерлерінің жауапсыздығының соңы бала өліміне әкеліп отыр.

Бүркіттің қазасының алдында, тағы бір бала тоққа түсіп көз жұмған  болатын. Бұл жердегі жағдай өзгешелеу болғанымен, себебі бір. Сол баяғы үлкендердің жауапсыздығы. Мұнайлы ауданына қарасты Дәулет ауылының  9 жасар жеткіншегі жазатайым жағдайда қаза тапты. Ойын баласы электр бағанасы тартылғалы жатқан қалың сымды ұстап алған. Дәл сол кезде жұмысшылар баланы көрмей сымды жоғары тарта бастаған көрінеді. Бірнеше метр биіктіктен құлаған Елдар Құлбеков сол жерде жан тапсырған. Сөйтіп, жұмысшылардың жауапсыздығы тағы бір баланың өліміне себепші болып отыр.

Өткен жылы маңғыстаулықтарды 11 жасар Балғынбектің оқиғасы дүр сілкіндіріп еді. Ол кезде тоққан түскен бала екі қолынан бірдей айырылып қалған болатын. Құдай оңдап өзі тірі қалды. Қайырымды жандардың арқасында Балғынбек протез сатып алды. Солай бола тұрса да, мұндай оқиғалар ешкімге сабақ болмаған сияқты. Бүгінде бас-аяғы бір айдың ішінде екі бірдей бала тоққа түсіп мерт болып отыр.

Жақында Ресейдің Кемерово қаласында орын алған қайғылы жағдай да осындай жауапсыздықтан болғаны белгілі. Салдарынан 40-тан аса бала көз жұмды.

Құрметті ата-аналар! Баланың аты бала, оның ісі шала. Сондықтан өзіміз де жауапкершілікті арттырғанымыз жөн. Мейілінше балаларымызды көзден таса қылмауға тырысайық. Қыршыннан қиылған балалардың өміріне кім жауап беретінін әділ сот шешер. Бүгінде екі оқиға бойынша да қылмыстық  іс қозғалып, тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Луиза МОЛОЧАЕВА

Маңғыстау облысы

 

 

 

 

 

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here