Жаңаөзендегі Кәсіпкерлер палатасының ғимаратында шағын және орта бизнесті қолдауға арналған қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар туралы тегін кеңес алғысы келетін адамдар үшін ашық есік күні өтті. Маңғыстау облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері қазіргі уақытта қызмет етіп жүрген және әлеуетті бизнесмендерді, сонымен қатар, екінші деңгейлі банк өкілдерін шақырды. Олар несие беру бойынша қойылатын өздерінің талаптары жөнінде айтып өтті.

Кездесу аясында Маңғыстау облысы бойынша «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Руслан Бектубаев қатысушыларға денсаулық сақтау жүйесіндегі жаңалықтар туралы айтып, сұрақтарға жауап берді.

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңның күшіне енгені белгілі. Аталмыш кезең бойынша жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер өзі үшін және өзінің қызметкерлері үшін сақтандыру қорына ақша аударуға міндеттелді.

Жеке кәсіпкерлер айына бекітілген қаражатты – 2446 теңге, ЖШС басшылары әр қызметкер үшін жалақысының 1%-ын төлейді. Ең аз сома 240 теңге, ең көп сома 3668 теңгені құрайды. Яғни, егерде қызметкеріңіздің жалақысы 60000 теңге болса, онда 600 теңге, 20000 теңге болса, онда ең аз мөлшерлеме бойынша 240 теңге төлейсіз. Ал егерде қызметкеріңіз 360 000-нан көп тапса, онда кәсіпкер ол үшін тек қана 3668 теңге төлейді. Құрамына мемлекеттік ғана емес, жеке де медициналық мекемелер кіретін емханалардың базасы жасақталады. Жылына бір рет әрқайсысыңыз қалаған емханаңызға барып тегін қаралуыңызға болады, — дейді Руслан Бектубаев.

«Ауру адам сау адам үшін, бай адам кедей үшін» деген қағидаға сәйкес, қазақстандық медициналық сақтандыру жүйесі бәріне ортақ болып табылады. Адамның қанша қаржы салғанына қарамастан, көрсетілетін қызмет пакеті бәріне бірдей болмақ. Оған емханадағы дәрігерлерге қаралу, стационарлық және амбулаториялық көмектің төлемі кіреді.

Мемлекет кепілденген тегін медициналық көмек көлемімен қамтамасыз ету міндетін өзіне алды. Оған әлеуметтік маңызы бар сырқаттардың, туберкулез түрлері, АИТВ (ВИЧ), нашақорлық, санавиайия, жедел көмек көрсету және алдын алу екпелерінің төлемі кіреді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізгеннің арқасында халыққа көрсетілетін қызмет сапасы артады деп үміттенеміз. Өйткені әрбір медициналық мекеме үнемі бақылауда болады. Қордың сайтынан емханалардың «рейтингін» көруге болады, олар әр-түрлі түс арқылы ажыратылады. Қызыл түс – шағымның көп түскенін, қызмет көрсету сапасының төмен екенін білдіртсе, сары түс – жақсы емхана екенін, алайда ескертулері бар екенін, ал жасыл түс – клиенттерге барлық жағдай жасалғанын білдіртеді. Осылайша, әрбір емхана «жасыл» аймаққа өту үшін қызмет көрсету сапасын арттыруға асығады. Әйтпесе оларға келетін науқастардың саны азайып, ол өз кезегінде мекеменің банкротқа ұшырауына себепкер болады. Қазіргі таңда барлық дамыған елдердегі медициналық ұйымдар дәл осындай бәсекелестік жолмен жұмыс жасайды. Біз алдағы уақытта ең мықты 30 елдің қатарына кіруді жоспарлаудамыз. Ал тегін медициналық көмекпен ол мүмкін емес, — деп атап өтті қор директоры.

Кездесуге 60-қа жуық кәсіпкер қатысты. Әр түрлі сұрақтар қойылды. «Балаларға қанша төлеу керек» деген сұрақтан бастап, «өзім бір қалада тұрып, басқа қалада жұмыс жасаған жағдайда емханамды қалай анықтауға болады» деген сұрақтарға дейін ұласты. Руслан Фаризунұлы барлық сұрақтарға жауап берді:

Балалар үшін мемлекет төлейді. Жеңілдік берілген адамдардың тізімі дайын, оған халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал 14 тобы кіреді: жүкті әйелдер, мүгедектер, күндізгі бөлім студенттері, көп балалы аналар, бір жасқа дейінгі бала күтімімен отырған әйелдер, жұмыспен қамту орталығына тіркелген жұмыссыздар, зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері және т.б. Егерде сіз мүгедек әрі кәсіпкер болсаңыз, онда сіз жоғарыда аталып өткен төлемдерден босатыласыз. Ал емхананы таңдау мәселесіне келсек, оны өзіңіз анықтайсыз. Сіз жылына бір рет медициналық мекемеге бекітілесіз. Егерде сіздің елді мекенде қандай да бір маман жетіспесе, емханаңыз сізді басқа емханадағы қажетті дәрігерге жібереді. Сіз ол үшін ешнәрсе төлемейсіз.

Әзірше ЖК мен ЖШС ғана ақы төлеуге міндеттелген болса, ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап бұған мемлекет пен өзін-өзі қамтыған халық та қосылатын болады. Әуелі жеңілдік берілген әрбір адам үшін 5000 теңгеден төленеді, жұмыспен қамту орталығына тіркелмеген жұмыссыздар үшін айына 1414 теңге ғана төлеуге мүмкіндік берілген. Сонымен қатар, 2020 жылға дейін осы адамдардың төлеміне қарамастан, оларға емханалардан қызмет көрсетіледі. Алайда ақысын төлемейінше жоспарлы ауруханаға жатқызу кезінде оларды қабылдамайды.

Бұл түсіндіру жұмыстарын Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасының тапсырмасына сәйкес «Аялы алақан» отбасылық қатынасты нығайту» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here