ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ЖАҢА ИНТЕРНАТ АШЫЛМАҚ

Қарағанды қаласында қыркүйек айында көзі нашар көретін 160 бала оқитын жаңа мамандандырылған мектеп-интернат ашылады.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов жұмыстардың қалай жүріп жатқанын білу мақсатында интернатты аралады. Атқарылған жұмыстар жайлы аймақ басшысына Құрылыс, архитектура және қала құрылысы басқармасының жетекшісі Бауыржан Исабаев пен «Астана Шаңырақ» мердігер компаниясының бөлім басшысы Юрий Савенков баяндап берді. Олар әкімге парта және мультимедиялық тақталармен жабдықталған сыныптарды, кинопроектор құрылғысы мен музыкалық аспаптар қойылған акт залын, 14 метрлік хауыз бен дене шынықтыру залын көрсетті.
Барлығы бұл мектеп-интернатта 160 бала жатып білім алатын болады. Сондай-ақ бұл ғимаратта «Үміт» қалпына келтіру орталығының бөлімшесі орналаспақ.

«Интернаттың бұрынғы ғимараты қыздарға арналған Қазақ-түрік лицейіне беріледі. Бұрын олар орталық базарға қарсы ғимаратта оқыды. Енді ол жерде біз ІТ-мектебін ашамыз. Интернаттың жаңа ғимаратының жобалық қуаттылығына келер болсақ, ол 250 адамға арналған. Мұнда 160 оқушы мен қалпына келтіру орталығында 140 бала жататын болады. Түсіндіріп өтейін, интернат пен орталықтың санитарлық талаптары әртүрлі. Қалпына келтіру орталығында, бұл талаптарға сай көп балаларды орналастыруға болады. Сол себепті ешқандай да заң бұзушылықтар жоқ», — деп түсіндірді білім басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Бақытгүл Әдекенова.

Жаңа метеп-интернат сегіз бөлімнен тұрады: жататын, оқитын, жуынатын, жемістерді сақтайтын жерлер мен қосалқы қазандық және тағы басқалар. Мектеп ауласында балалар алаңы бар.

Еске сала кетейік, ғимаратты салу Қарағандының Оңтүстік-Шығысында он жыл бұрын қолға алынды. Сот істеріне сай оның құрылысы екі рет кейінге шегерілді, нәтижесінде алты жыл бойы ғимарат бос тұрды. Бүгінгі таңда мектепті қалпына келтіру бойынша жұмыстардың 90 пайызы аяқталды.
Ғимаратты аралап шыққан облыс әкімі мердігерлерге нысанды білім басқармасына өткізуге дейінгі барлық олқылықтарды жою бойынша тапсырмалар берді.

Ләззат Қожахметова
Қарағанды облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here