Осыдан төрт ай бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі келіп  лентасын қиған Ақшат елді мекеніндегі Ә.Бөкейханов атындағы мектеп тасқын судың қоршауында қалды. Мектептің шатыры шұрқ-тесік, қабырғалары сөгіліп жатыр. Білім бөлімінің басшысы жұмыстан кетті. Мектепті салған құрылыс фирмасы бұған не дейді?

Баспасөз беттерінде жарық көрген материалдарға сүйенсек, мұндай мектеп бұрын-соңды болмаған бізде. «Бұл 2017 жылы салынған жетінші мектеп», — деп әкімдіктің 27 желтоқсан күні ашылуында сөз сөйлегені ақшаттықтардың есінде шығар?! Қатарласа ашылған қос қазақтілді мектептің біріне «Алаш» партиясының көшбасшысы болған Әлихан Бөкейхановтың есімі берілді. Биліктегілер сол күні ғимарат ішінде оқушыларға барлық жағдай жасалғанын айтып, тауыса алмады: LED-экран, интерактивті тақта, қаз-қатар тізілген ноутбуктер, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған пандус, екінші қабатқа көтеретін жедел саты дейсіз бе, бәрі бар. Өкініштісі, мектеп көктемнің «тосын сыйына» дайын болмай шықты… Наурызда еріген қар мектепті басып қалды. Әйтеуір балалар ол кезде көктемгі демалыста еді. Жертөлесі «Титаниктің» киносын еске түсіреді. Ауласы кәдімгі Венеция дерсіз. Ол аздай шатырдағы қар да еріп, мектептің ішіне аққан. Басқасын айтпағанда мектебі бар, асфальті жоқ, халқы бар, ішетін суы жоқ ауылдың күні бүгінде қараң.

Ақшаттықтардың мұң-зарын бірінші болып көтерген жергілікті танымал блогер-депутат Юрий Гончаров болатын. Судың ағысы қатты. Қар аз жауса да, төпелеп құйған жаңбыр болмаса да, мектеп су қоршауында қалып отыр. Өте әдемі ғимарат, бірақ бұл тек сыртынан ғана, — деп күйінді ол.

Қар суының тегеурінінен қорыққан жергілікті тұрғындар мектеп ауласын басып өтетін терең шұңқырлар қазыпты. Бірақ шұңқырларды қоршау ойларына келмеген. Балалар терең шұңқырлардың үстіндегі әлсіз көпірлерден өтуге мәжбүр. Ол да қоршалмаған, айнала ор.

Мен мектеп төбесіне шықтым, — деп сөзін жалғады блогер. Ол жерде де үлкен шалшықтар пайда болған. Мектеп қабырғасы жарылып тұр. Су розетканың маңайынан ағып жатыр. Сұрағанымда мектептің өрт қауіпсізідігіне қарсы шаралары аяқ асты. Түтіндейтін, жылуға арналған дачиктерге сараптама жоқ. Кітапхана жылытылмайды. Сумен жабдықтау қолға алынбаған. Мектептің артында төсеген асфальт сумен шайылып кеткен. Мектептің айналасында жеке тұрғын үй құрылысына тиесілі жерлер көп,  алайда бұл жер қауіпті.

Белгілі болғандай, 300 оқушыға лайықтап салынған мектепте бүгінде  120 оқушы ғана оқып жүр. Ауыл тұрғындарының ашуында шек жоқ. Президентке  арызданамыз дейді. Жергілікті биліктің шенеуіктеріне сенбейді: «мынадай қауіпті аймақта қалай мектеп салдырған?» — деп ашынып отыр.

Білім бөлімінің бұрынғы басшысы 2 сәуір күні өз еркімен жұмыстан кетіпті. Басшысыз қалған бөлім қызметкерлері «барлығы бақылауымызда» дейді. Оқу режиміне қатысты ешқандай шектеулер енгізілмеген.

Қала әкімдігінің сөзінше, мектепті салған «Трейд интерком» компаниясы, — дейді Юрий Гончаров. Алайда Гончаров компанияның аз уақыт ішінде барлық кемшілікті жойып, екі жыл қатарынан қызмет көрсететін боламыз деген сөзіне күдікпен қарап отыр.

«Трейд интерком» компаниясының жетекшісі Тимур Нұғымановтың  аталған мәселеде өз уәжі бар. Фирма тек мектеп құрылысымен ғана айналысқан. Құрылысшылар жер қазған кезде-ақ тасқын сулардың мектепті  басып қалатынын білген. Топырақ аралас судың ғимарат астынан жететінін анықтаған. «Сол бойда тапсырыс беруші құрылыс бөліміне хабар бердік», — дейді компания жетекшісі. Әкімдіктегілер қарсы болмаған соң, құрылыс әрі қарай жалғасады.

Осылай деп «Трейд интерком» компаниясы басшылығы мойындап отыр. «Қолымды мезгілінен кеш сермедімнің» керісі. Әрі төбеден аққан жаңбыр мен қар суы да мектепті әуре-сарсаңға салған. Біріншіден, жоба бойынша шатыр сыртқа қарай еңкіш тартып салынбады. Сол кезде аққан суды астауша не суды ағызып жіберетін тұрбалар ұстап қалып, далаға ағызып жіберуші еді. Еңкіш шатырдың ішіне қарай жасалған, төбе ойыс болып келген. Ылғал шатырдың әрбір жерінде орнатылған арнайы орындарға жиналып, тұрбалар арқылы сыртқа ағып кетуі тиіс еді. Бірақ ішке ақты.

Екіншіден, жоба бойынша шатырдың асты жылыту жүйесінен оқшауландырылған. Ондағы температура электроқұрылғылардың көмегімен ғана тұр. Өкінішке қарай, тұрбалардың термоизляциясы жеткіліксіз болды. Тұрбалар үсініп, нәтижесінде саңылаулар пайда болып, су мектептің төбесінен ішке құйылды.

Ақшат ауылы орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне қосылмаған. Ауыз суды тасып ішіп отыр. Жобаға сәйкес компания мектепке су қоймасын қамдап берген. Әжетханаларды да салған. Жоспарда 300 оқушыға бір әжетхана жетеді делінгенмен, компания екіншісін де салып береді. Бірақ қажеттілікті өтеу оқушыларға мұң болып отыр.  Алғашқы айларда фирма өздері су жеткізіп, қойманы толтырып отырады. Кейін мектеп басшылығы «Ақбұлақпен» келісімге отырғандарын айтып, фирманың қызметінен бас тартады. Жолы айқыш-ұйқыш Ақшатқа «Ақбұлақ» та «шапқылап» жетіп барғысы жоқ.

«Жалғыз жолы – мектеп айналасындағы тасқын сулардың ағысын басқа арнаға алып кететін бағыттаушы жүйе салу», — деп отыр олар. Әкімдіктегілер су бұрғыш науалар салуды ұсыныпты.

Газет редакциясы қай шенеуіктің су басу қаупі бар аймаққа мектеп салуға рұқсат еткенін, ғимарат қауіпсіздігін тексеретін сараптама жұмыстары жүргізіле ме және мектептің іргетасының қаншалықты зақымдалғаны тексеріле ме сынды сауалдарды облыстық прокуратураға жолдайды!

Индира КЕРЕЕВА

Ақтөбе облысы

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here