Атырау қаласының № 2 сотында «Қазгидромет» филиалы директорының орынбасарына қатысты іс қаралды. Бұрын хабарлағанымыздай, ол мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін ұсталған болатын.

Сотта анықталғандай, сотталушы А.А. «Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары бола тұра, 2017 жылдың қазан айында филиал директорынан қызметтік қажеттілікке байланысты деген сылтаумен, Каспий теңізі Маңғыстау облысы акваториясына экологиялық мониторинг жүргізу үшін іс сапарға рұқсат алады. Сөйтіп ол қарамағындағы 10 қызметкермен бірге 10 күндік іс сапарға шығуы керек болады. Алайда сотталушының қылмыстық ойы туындап, ол теңізге шығатын  кемеге құйылған құны 2 016 000 теңгенің 16 000 литр дизель отынын өзінің танысына сатып жібереді. Кейін іс-сапарға бару қажеттілігі жоқтығын айтып, қарамағындағы қызметкерлердің  іс сапар шығындарын иемденіп алады.

Дәл осындай қылмыстық жоспарын ол екінші мәрте жүзеге асырып үлгереді. Нәтижесінде жәбірленушіге жалпы мөлшері 4 463 111 тенге көлемінде мүліктік залал келтіреді. Сотқа дейінгі тергеу барысында сотталушы қылмыспен келтірілген мүліктік залалды жәбірленуші тараптың пайдасына толық өтеп берген.

Сондай-ақ ол кінәні мойындау турасындағы процестік келісім жасауға ерікті түрде ниет білдіріліп, прокурормен процестік келісім жасақтаған. Сондықтан сот үкімімен процестік келісім бекітілді. Аталған келісімге сәйкес, сотталушы А.А.-ға 2 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығын айыру жазасы тағайындалды.

Гүлзада Қожабергенқызы

Атырау облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here