Белгілі болғанындай, Атырау қаласының әкімдігі дамудың бас жоспарына сәйкес, қаланың ескі бөлігіндегі үйлерді күреуге дайындықты бастады. Қазіргі уақытта ең алдымен күрелуі тиіс Молдағұлова-Жарбосынов-Байтұрсынов-Жангелдин және Пушкин-Жангелдин-Молдағұлова-Гагарин көшелерімен шектелген бес шаршы алаңның екеуіндегі 169 құрылымның мекен жайы белгілі болып отыр.

Еске сала кетейік, 2002 жылдың Бас жоспарында бұл жерде  абаттандырылған үйлер мен әлеуметтік нысандар салу қарастырылған болатын. Содан бері үн-түнсіз қалған қала әкімдігі шаруаны енді ғана қолға алып жатыр. Оған қоса, өткен жылдың желтоқсанында үкімет солтүстік бағытқа қарай аумақтың өсуін, Талқайраң поселкесінен спутник қала салуды және ескі орталықтан абаттандырылған сектор салуды қарастыратын Атырауды дамытудың жаңа Бас жоспарын мақұлдаған еді.

Жоғарыда аталған жерлерге алдағы уақытта қала әкімдігі әкімшілік  ғимараттарын, тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарын салмақ. Ал, келер жылы қалалық бюджетте күрелуге тиесілі баспаналарға тәуелсіз бағалау жұмыстары үшін қаржы салынады. Содан кейін барып иеліктен шығарылған мүліктің құны туралы мәселе бойынша келіссөздер басталады деп күтілуде. Алайда, оңай шешілетін жұмыс жоқ. Қала әкімдігі екі проблемамен бетпе бет келіп отыр. Оның бірі — көптеген үйлердің қожайындары табылмаса, екіншісі — кейбір үйлердің қожайындары болғанымен, қолдарында құжаттары жоқ. Тұрғындармен келіссөз жүргізгенде де, қиыншылықтар болары сөзсіз. Өйткені, отбасы мүшелері бойынша емес, әр тұрғынның алаңына барабар пәтерлер ұсынылатындықтан, тұрғындар келіспеуі мүмкін. Ал, қала әкімдігі берілген пәтерге келіспегендер мәселесін сот арқылы шешуге бекініп отыр.

Жақында осы күрмеуі көп мәселені ортаға салған жиын өтті. №2  мектептің акт залында тұрғындар Атырау әкімдігінің өкілдерімен кездесті. Басты мәселе — мемлекет мұқтаждығы үшін қаланың ескі бөлігіндегі жер телімдерін алу туралы әкімдік қаулысы. Жиынға төрағалық етуші қала әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи осы кездесуге енді бірер күнде күрелу жөнінде құлақтандыру жолданатын басқа үлкен үш учаскедегі үй иелерінің де келгенін атап өтті. Сондай-ақ, күрелуді күтіп жүрген жатақхана тұрғындары мен жеке тұрғын үй құрылысына жер алғысы келіп жүргендер де көп жиналды.

М.Калауидың айтуынша, қаланың осы бөлігіндегі жерлерді мемлекет қорына алу мәселесі 1999 жылдан бері қозғалып келеді екен. Атырау картасында бұл үйлер «қызыл сызықпен» белгіленгендіктен, тұрғындарда өз жер телімдеріне жаңа баспана салуға мүмкіндік жоқ көрінеді. Оған қоса, соңғы жылдары көбейген нөсер жауынның салдарынан біраз үйлердің жағдайы қиындап кетіп, қазір олардың  бір бөлігі құлап жатыр. Әкім орынбасары жиында 20 желтоқсанға дейін болашақ құрылыс алаңын толық жобалау жоспарын әзірлеу жұмыстары аяқталып, кейіннен қалалық және облыстық мәслихаттарда тұрғындармен жиналыс кезінде бекітілуі тиіс екендігін назарға берді.

«2018 жылдың 20 қаңтарынан кейін жерлерді бағалау және онда орналасқан үйлерге бағалау жүргізу басталады. Келіспейтіндерге осындай алаңдағы пәтерлер ұсынылады. Егер олар пәтерлерге де келіспесе, бұл мәселе сотта шешіледі», — деді ол.

Осындай ескертуден кейін-ақ, наразы тұрғындар өз шағымын айта бастады. Тіпті, бір ақсақал өзінің жылы үйін неліктен «Нұрсаядағы» суық пәтерге ауыстыруға тиіс екенін айтып шағымданды. Бұған жергілікті билік өкілдерінің айтар уәжі, бүгінде Атырауда салынып жатқан пәтерлерге құрылыс салушылар 2 жылға кепілдік береді екен. Жиынға қатысқан қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Кенжалиев тұрғындарға бағалаушылардың қолына құжаттардың түпнұсқасын бермей, тек көшірмесін ғана беру керектігін ескертуді ұмытпады.

«Бағалаушыға жерді тұрақты пайдаланудың мемлекеттік актісін, учаскедегі барлық құрылымға техникалық төлқұжаттарды, меншік иесі туралы мәліметтер мен жердің қандай жолмен берілгенін дәлелдейтін құжаттарды, яғни, сату-сатып алу келісімшартын ұсыну керек.Тұрғындардың жартысының жері банкте кепілдікте тұр немесе оларда әлдебір мүліктік даулар, мүлік ауыртпалығы және тағы басқа мәселелер туындаған. Кейін бағалаушыларды бөгемес үшін осы жайттарды алдын ала тексерулерін сұраймыз. Мысалы, жеміс ағаштары 5 жылдық болса, ол есепке алынады», -деді басшының орынбасары.

Соған қарағанда айтылған мәселелер оңайшылықпен шешілмейтін сияқты. Өйткені, биліктің тұрғындарды көшіріп, әсем ғимараттар салу жоспарына халық әлі де келіспей отыр.

Жиында жыры бітпейтін жатақханалар жайы да сөз болды.  Құнанбаев  көшесі, 13 мекен-жайындағы жатақхананың бір топ тұрғынының атынан сөйлеген өкіл:

«Біз сұмдық жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Бізге жатақханада тұрып жатсыңдар, 2018 жылы күрелген жағдайда жатақханадан бір бөлмеден аласыңдар дейді. Біз оған келіспейміз!» – деп ашына айтты.

«Нұрсая мен Береке ықшамаудандарында қазір 240 пәтерлік жеті үйдің қазықтары қағылуда. Бұлар жатақхана емес. Әр пәтерде жеке дәретхана, ас үй мен бөлме бар. Қайдағы жатақхана? Таяу жылдары қаладағы 12 жатақхананың тұрғындарын көшіргіміз келеді. Егер тұрғындардың жүз пайыз келісімі болмаса, көшірмейміз», — деген М.Қалауидің сөзі көпшіліктің көңілін көншіткендей болды.

Атырау қаласында тек бұл жатақхана емес, басқаларының да жағдайы оңып тұрған жоқ. Билік өкілдері олардың кезең-кезеңімен көшірілетінін айтты.

Гүлзада ҚОЖАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Атырау облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here