Театр – нағыз мәдениеттің ошағы. Биыл 15 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры бүгінде ел өмірінің айнасына айналып үлгерді. Аталған өнер ордасы еліміздегі жас театр болса да, алыс-жақын шетелдерге танылды деуге толық негіз бар. Бұл ең алдымен мұндағы басшылық пен әртістердің еңбегінің жемісі. Театр ашылған жылы мұнда бір топ жас әртістер жиналған болатын. Бүгінде олар театр сахнасынан өз орындарын ойып тұрып алды. Солардың бірі де бірегейі Майра Бақбердиева. Ендеше театр мерейтойының алдында және 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында  мықты актрисамен сұхбаттасудың сәті түсті.

— Майра ханым, Сіз өнерде өзіндік орыны бар актрисалардың бірісіз. Сізді халық қазақ қызына тән инабаттылық пен көркем мінезіңіз арқылы таниды. Ендеше алғашқы сұрағымды өнер жолына қалай келгеніңізден бастасақ.

— Өздеріңіз білесіздер, Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры Елбасының қолдауымен 2003 жылы ашылды. Сол кезде алғашқылардың бірі болып осы театрға келдім, тіпті іргетасын қалаушылардың бірімін десем де болады. Содан бері осы театрда еңбек етіп келемін. Сондықтан бұл театр маған өте ыстық.

— Білуімізше, 2011 жылы Алматы қаласында өткен 16-шы халықаралық фестивальде «Перзентхана» спектаклінде Хадиша ананың рөлін сомдап, «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясына ие болдыңыз. Бұл жүлде сізге тектен-текке берілмегені анық. Себебі Сіздің бойыңыздан қазақтың қызына тән барлық қасиет табылады. Жалпы, артыңыздан еріп келе жатқан сіңлілеріңізге көңіліңіз толады ма?

— Иа, дұрыс айтасыз. Жалпы аналардың образы жаныма жақын. Менің театр сахнасындағы алғашқы рөлім де ана образы болды. Актер болғаннан кейін, берілген образды шеберлікпен алып шығу керек. Сондықтан ең алғашқы бұйырған ана образында әп дегеннен зарлап, жылап, ұлын жоқтаған ананың рөлін сомдап шықтым. Одан кейін басқа да түрлі қойылымдарда өз өнерімді көрсетіп жүрдім. Ал қазақтың қызына келетін болсам, жалпы қазақ халқы қыз бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. «Қызды тәрбиелегенің, бүкіл әлемді тәрбиелегенің» — деп бекер айтылмаса керек. Осындай қағидалардан кейін қазақтың қай отбасында да инабатты да ибалы қыздар тәрбиеленіп жатыр деп ойлаймын. Ақ пен қарадан тұратын мына өмірде барлығы болып тұрады. Өкінішке орай қазақ қызы деген атқа кір келтіріп жүргендер де жоқ емес. Осы сәтті пайдаланып, ертеңгі 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесімен барша аналар мен әйел жолдастарды, қыз-келіншектерді шын жүректен құттықтаймын.

— Он бес жыл деген біреуге аз, біреуге көп болуы мүмкін. Сіз 15 жылдың ішінде не тындырдыңыз?

— Ең алдымен осынау жылдың ішінде басым аман, жан-жағым бүтін болып келе жатқанға Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын. Одан кейін менің екінші үйім болып кеткен осы қара шаңырақта жұмыс жасап келе жатқанымды мақтан тұтамын. 15 жылдың ішінде кəсіби шеберлігім артып, талай марапат пен алғысқа ие болдым. Атап айтатын болсам, жаңағы өзіңіз айтқан халықаралық фестивальдегі жүлдем. Сондай-ақ, 2008 жылы Нұрмұхан Жантөриннің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған фестивальде «Айлакер ару» музыкалық спектаклінде өнер көрсетіп, «ең үздік екінші пландағы əйел бейнесі» аталымын жеңіп алдым. Бұдан бөлек театр ішіндегі жəне облыс көлемінде де көптеген жетістіктерге қол жеткіздім. Солардың ішінде «Жыл актрисасы» деген де атағым бар. Мұның барлығы тынымсыз еңбектің нәтижесі деп білемін. Мұнымен болдым-толдым деуге болмайды. Мені үлкен наградалар алда күтіп тұр дей ойлаймын, сондықтан әлі де болса соған лайықты қызмет етуге тырысамын.

Сөзіміздің әлқиссасында айтқанымыздай, биылғы театрдың 15 жылдық мерейтойына дайындығыңыз қалай?

— Иа, биыл біздің театрға 15 жыл. Осыған орай мен өзім жеке монологтар дайындап жатырмын. Əзірге құпия. Сосын тағы да нөмірлерім бар. Оның да құпия болғаны дұрыс деп ойлаймын. Осы театр ашылғаннан бері келе жатқаннан кейін, өзімнің жеке есеп беруім ретінде жеке арнауым да жоқ емес. Әрбір әртістің өзіндік өсуі болады. Сондықтан осы мерейтой тұсында өзімнің жан-жақтылығымды көрсеткім келеді.

— Өнер адамы ретінде Сіздің театр сахнасында әлі де болса орындалмаған армандарыңыз бар ма?

— Сахна деген киелі ғой, сондықтан ең бастысы сахнада адал болу керек. Мен осыны өзімнен кейінгі еріп келе жатқан жастарға үнемі айтып отырамын. Сонда ғана сахна өнер адамына барлығын береді. Мен кішкентайымнан актриса болуды армандадым. Актер болу – өмірдің мәні. Әрбір сомдаған образымды асқан шеберлікпен көрерменге жеткізе алсам, менен асқан бақытты жан болмайды. Сондықтан күні бүгінде Аллаға сансыз шүкірлік айтамын. Әркім өзінің мамандығын, кәсібін сүю керек. Сонда ғана биікке қол жеткізеді. Мен бүгінде көптеген арман мақсаттарымның бірсыпырасына болса да қол жеткіздім деп ойлаймын. Енді одан әрі актерлік тұрғыдан өсіп, шет мемлекеттерге барып, тәжірибе алмасып келсем деймін. Адам болған соң, оның ішінде өнер адамы болғаннан кейін іште жатқан арман көп. Менің үлкен арманымның бірі — ресейлік актер Сергей Безруковпен бір сахнада өнер көрсетсем деймін.

— Өнеріңіз сізге қаншама халықтың шынайы қошеметі мен махаббатын сыйлады. Алайда, жаныңыз жабырқаған тұста өнерді таңдағаныңызға өкінген сәттер болды ма?

— Өмір болғаннан кейін сәтті күндер мен сәтсіз күндер болып тұрады ғой. Алайда, сәтсіз тұстарда да мен өнерден кетемін деп ойламаппын. Себебі бұл менің бала кезімнен бергі арманым ғой. Оның үстіне күн өткен сайын шыңдалмасам, төмен түсіп бара жатқан жоқпын. Кейде осы уақытқа дейін халыққа не бердім, осы театр сахнасында жүргенде ұтқаным не, ұтылғаным не деген сауалдарды өзіме-өзім қоямын. Сөйтіп, ұтылғанымнан ұтқан кездерімнің көп екенін білгеннен кейін, одан әрі шыңдалуға тырысамын.  Мен бақыттымын. Себебі бізді іздеп тұратын, біздің өнерімізге сүйсініп тұратын халық бар.

Рахмет Майра!

Өнер жолында шабытыңыз шалқысын!

Мереке құтты болсын!

Абзал МАРАТОВ

Маңғыстау облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here