Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінде Маңғыстау облысының тарихында тұңғыш рет күн сәулесінен электр қуатын алатын станция ашылды. Сонымен қатар теңіз суын тұшытатын зауыттың алғашқы тасы қаланды.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Қазақстанда теңдесі жоқ жоба – күн сәулесінен электр қуатын алатын станцияның ашылуына қатысты. Мұнайлы ауданы Батыр ауылында қуаттылығы 2Мвт күн сәулесінен электр қуатын алатын станцияның жалпы ауданы – 36,05 га, жоба құны – 1,2 млрд теңге. Нысан «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамыту бағдарламасы арқылы қаржыландырылды.

Электр станциясын пайдалану үшін 8580 күн панелі орнатылған. Панельдер Қазақстанда отандық кремнийден өндіріледі. Бұл – отандық өндірістегі күн батареяларында жұмыс істейтін тұңғыш электр станция. Жаңа қондырғы 300-ге жуық үйді таза электрмен қамтамасыз етеді.

«2017 жыл Қазақстан халқы үшін табысты жыл болды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Астана қаласында күллі әлем назарын аударған «Болашақ энергиясы» ұранымен  «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған  көрмесі кең ауқымда аталып өтті. «Болашақ энергиясы» жобасының түпкі мақсаты тұрақты қуат көздерін басқаруды қамтамасыз ететін шешімдер мен әдістерге қоғамдастық назарын аудару болып табылды», — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, Құрық  ауылында теңіз  суын  тұшытатын зауыт құрылысының алғашқы тасы қаланды.  Жоба құны – 39 млрд. теңге. Қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр болатын зауыт жеке инвесторлардың қаражатымен салынады. Құрылыс кезінде 300 адам, пайдалануға берілген соң 150 адам жұмыспен қамтылады. Жобаның аяқталу мерзімі  2020 жылға белгіленіп отыр.

«Бүгінгі мереке күні аясында өңірімізде бірнеше ірі жобалар басталмақ. Құрық ауылында теңіз суын тұшыту зауытының жобалық-іздестіру және құрылыс жұмысын бастаудың орайлы сәті  келді деп есептеймін. Бұған қоса Ақтау, Жаңаөзен, Жетібай, Мұнайшы, Құрық, Шетпе елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету және ауылшаруашылық саласын дамыту мәселесін толықтай шешуге мүмкіндік береді», — деді аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here