Мемлекеттің өркендеп дамуының алғы шарттарының бірі шағын және  орта бизнестен түсетін салық көлемі екені анық. Үкімет еліміздегі қай сала болмасын, белгілі мөлшерде қаражат бөліп келеді. Тек қатаң бақылау ғана жетіспейді. Бұдан былай Шығыс Қазақстан облысы туристік аумақтарында жұмыс істейтін бизнесмендер енді өз кірістерін жасырып, жалтара алмайтын болды. Бүгінде 2019 жылдан бастап арнайы бақылау жүйесі енгізілетіні аян болып отыр.

Өйткені, Алакөл мен Бұқтырма су қоймаларындағы демалыс базаларынан түсетін салық көлемі мүлде төмен. Екі демалыс базасынан түсетін қаржы айналымы 10 миллиард теңгені құрағанымен, түсім 22 миллионнан аспай отыр.

Жуырда салық төлемдерінің жүйесі туралы ұсыныс дайындауға арнайы жұмыс тобы кіріседі. Бұған кәсіпкерлер палатасы да енді шетте тұрып бақылауды қойып, түсіндіру жұмыстарын бастайды. Сондай-ақ, облыс әкімі Даниал Ахметов «бизнесмендердің арын ояту мәселесі» шешімін табу үшін журналистерді де азаматтық белсенділік танытуға шақырды.

«Бұл іске тек мен емес, журналистер де кірісуі керек. Екі демалыс аумағындағы қаржы айналымы бір маусымда 10 миллиард теңгені құрайды. Ал біздің айбынды кәсіпкерлерімізден түсетін салық 14-тен 22 миллион ғана. Шығыс Қазақстан бизнесінің еліміздің туристік саласын дамытуға берген жауабы осы. Инфрақұрылымды дамытуға мемлекет миллиардтаған қаражат бөледі, бірақ қайтарымы жоқ. Салық көлемі ондаған есе көп болуы тиіс. Оның бәрін жақсы білеміз. Әзірге, алдағы жылы мазаламаймыз. Бірақ 2019 жылы бәрі басқаша болады», — деді Даниал Ахметов кеңейтілген аппарат жиынында.

Берікхан Тайжігіт

Шығыс Қазақстан облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here