Сұлтанмахмұт қажы Рахманқұл Бақты ауылында тұрады. Жасы 81-ге келген қадірменді қариядан алар үлгі-өнеге мен тәлім-тәрбие көп. Көргені мен түйгені мол ақсақал «Ислам тағылымы», «Сезімнің сергек кездері», «Ұлттық санамыздың өзгеріске түспеген негіздері», «Ер Шыңғожа» атты кітаптардың авторы. Жастайынан құймақұлақ, алғыр, сұңғыла болып өскен ол, кейін қытай жерінде пантюркист, панисламист деген атақтарға ие болып, біршама жыл қуғын да көреді.

Кейін Кеңес одағына, Қазақстанға келіп, пәледей болып жабысқан  жалалардан құтылды. Өзінің айтуы бойынша, бұған отырып тұрса Алласы аузынан түспей «Я, Рабби!» дейтіні, араб, шағатай тілдеріндегі кітаптарды көп оқып жинайтыны себеп болса керек. Кітап демекші, кітаптың саны  бұл үйде 1100-ге дейін жеткен. Тең-тең қылып кітаптар жинап, солардан өзіне қажетті құнды деректерді жиыстырып, білім алған ақсақал кирилл әрпін өз бетінше оқып танысқан. Қазір шежіре қарт 12 тілде жазу таниды. Олардың қатарында  араб, шағатай, татар, башқұрт, өзбек, ұйғыр, орыс т.б. тілдер бар.

«Ұзақ жыл осы Бақты совхозының малын бақтым. Бос уақытта айналдырғаным тек кітап болды», — дейді ол.

Тек  кітап оқып қана қоймай ақсақал қоймен бірге ой да баққан адам. Алдына салып ақтылы қой өргізген  Сұлтанмахмұт аға әр саулықтан 100-140-тан төл алып, «Еңбек ардагері» атанып, алдыңғы қатардағы шопан болды.

«Бастауышты сол жерде Шаған тоғайда оқып бітрдім. Сосын Шәуешек қаласындағы орта мектепті тауыстым.  Әкем Рахманқұл қазы болған адам еді. Ал анам Гүлжауһар сол жерде император атанған әйгілі татар Сыдық Османовтың қызы болды», — дейді ақсақал.  

Екі рет Меккеге барып, қажылық парызын өтеген Сұлтанмахмұт Рахманқұл ақсақал бүгінде Бақты ауылының бақуатты қарттарының бірі. 7 қыз, 3 ұл тәрбиелеп өсірген ақсақалдың жан жолдасы Үрімхан анамыз бүгінде бақилық болған. Сол он баладан бірнеше немере мен шөбере сүйіп отырған өзі қазір кенжесі Ұлықбек пен келіні Айнұрдың қолында.

«Бұл кісі бүкіл ауылға ғана емес, осы өңірге танымал шежіре қартымыздың бірі. Кенже ұлы Ұлықбектің өзінің шағын қожалығы бар, мал басын өсіріп келеді. Ал Айнұр деген келіні бір мың болғыр жан. Үлкен кісінің барлық жағдайын жасап, мәпелеп отырған жан. Ақсақалдың өзі  шежіре ғана емес, қолының емшілігі де бар адам. Осындағы ауырып-сырқағандар бұл кісіге келіп үшкіртіп алып, құлантаза сауығып кетіп жатады. Өте таза, пәк адам», — дейді жақын туысы Ләззат Тұрсынқұлқызы.

Берікхан ТАЙЖІГІТ

Үржар ауданы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here