Отырар ауданында кезекті Қоғамдық кеңестің  отырысы өтті. Кеңестің бұл отырысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асырудағы «100 нақты қадам» жоспары аясында ұйымдастырылды. Мұндай басқосу ауданда 2016 жылдан бері ай сайын тұрақты өтіп келеді. Жиында аталған аймақтағы шешуді талап ететін өзекті мәселелер талқыланады.

Осы жолы аудандағы үкіметтік емес ұйым басшылары мен зиялы қауым өкілдері ауылшаруашылық және мал шаруашылығы, кәсіпкерлік бағыттағы  түйткілдерге назар аударылды.

Отырар өңірінде егіс егу науқанына дайындық қызу жүруде. Қыстың қамын жаз ойлаған шаруалар үшін ағын судан тапшылық көрмеу басты проблема. Сондықтан аудандық жер қатынастары және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Мұхит Жуасбай есеп берді. Баяндамада ауылшаруашылық дақылдарының өнімін арттыру, пайдаланылмай бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайта қайтару бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтылды.

Қазіргі таңда суармалы тұзданған жерлердің құнарлығын арттыру мақсатында  Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтымен бірлескен жұмыстар қолға алынған. Нәтижесінде ауданға қарасты жеті ауыл округіндегі 117 шаруа қожалығына тиесілі 3 мың гектар жерден алынған топырақ үлгілеріне зертханалық талдау жасалып, егін егу барысында пайдаланатын қажетті минералдық тыңайтқыштар анықталды. Аталған жоба нәтижесінде шаруалар өнім көлемін екі есе ұлғайтуға мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар,  инвестиция тарту мәселесі де аудан әкімінің күн тәртібіне қойылған. Осы орайда аудандық кәсіпкерлік бөлімі 7 жобаның қаржыландыруды жоспарлағаны Қоғамдық кеңесте белгілі болды. Өзге де мəселелер қаралған кеңесте аудан әкімі Ерлан Айтаханов қай салада болмасын талапты күшейту арқылы қызмет сапасын арттыруға болатындығын  сөз етті. Əрі аудандағы əлеуметтік жағдайдың талапқа сай екенін жеткізді.

Жиынды Қоғамдық кеңестің төрағасы Мырзахмет Темірбеков қорытындылап, есеп берген мекеме басшылары ісіне оң бағасын берді.

Сабыржан Байбосынов

Оңтүстік Қазақстан облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here