Елімізде қылмыстың алдын алу мақсатында қаншама жұмыстар атқарылғанымен ұрлық, атыс, төбелес, тонау дегендерге әлі де тыйым болмай тұр. Қылмыс жасаушылардың кейбірі оқиға орнынан із суытып қашып кетіп те жатады. Тіпті, араға бірнеше жыл салып ұстатпай жүретіндері де жоқ емес.

Жуырда іздеуде жүрген бірнеше қылмыскер қолға түскен. Бұл жөнінде  Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті хабарлап отыр. Таратылған мәліметке сүйенсек, осыдан 7 жыл бұрын Мақтарал өңірінде автокөлікке қарақшылық шабуыл жасалған. Шабуыл жасаушылар автокөлік иесін ұрлап кетіп, Шымкент қаласына алып барған. Сөйтіп, оны оңаша жерде әбден ұрып-соғып  ақша талап еткен. Ең соңында құны екі миллион теңгеден аса сомманы құрайтын «Тойота» көлігін тартып алған. Арада жеті жыл өткенде Мақтарал аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері аталған оқиғаға байланысы болуы мүмкін бес адамды құрықтаған. Олар 1978, 1980, 1986 және 1992 жылы туған азаматтар.

Қазіргі таңда қарақшылық және адам ұрлау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Күдіктілер қамауда. Айғақты зат ретінде автокөлік тәркіленіп алынды және ол заңды иесіне қайтарылды. ОҚО ІІД азаматтарға тонау немесе қарақшылық орын алған жағдайда тұрғындардың тез арада полицияға хабарласуын сұрайды.

Шыны керек, жоғарыда айтылған қылмыстың түрі әлеуметтік дағдарыс пен мемлекеттік тоқырау тұстарына тән екені анық. Сонда қылмыскерлер осыншалықты жабайы қадамға не үшін барып отыр? Ішкі істер саласы жан-жақты дамыған уақытта қылмыскерлердің өздерінің ұсталмауына сенімді болуына не себеп? Оқиға орын алған жылы күдіктілердің біреуінен өзгелері өрімдей жастар болған.

Бүгінгі күні балаға мектепте ұстаздар, үйде ата-ана жан-жақты тәрбие беруде. Сонда кешегі балалар өскенде қалайша қылмыскерге айналған? Кемшілік қай тұстан кетуде. Әлде мұндай іске таршылықтың кесірінен барып отыр ма? Атыс-шабыс, ұрлық-қарлық туралы түрлі кинолар теледидардан да, интернеттен де көрсетілетін бүгінгі заманда әр ата-ана баласының тәрбиесіне қатты көңіл бөлсе ғана, қылмыстың алдын ала аламыз. Ал ертеңгі күні қылмысқа барған адамды ауызекі түрме аталып жазалау орындары да толық тәрбиелей алмайды.

Бәйдібек Боралдай

Оңтүстік Қазақстан облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here