Теміртау қаласын қара қар басып қалды. Көмір өндіретін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қалаға жылына 24 мың тонна шаң шығарады. Алайда метеоролог мамандар қара қардың пайда болуына желдің соқпауы кінəлі деп мəлімдеді.

Теміртау қаласындағы қардың қарайып  кірленуі туралы Қарағанды облыстық әкімдікте өткен арнайы жиналыс барысында талқыланды. Осыған дейін аймақ басшысы облыста ауадағы зиянды қалдықтар концентратының нормадан тыс артуын анықтауды тапсырған болатын.

«Өткен жылдың 17-ші желтоқсанында атмосферада күкіртті сутектің мөлшері артық екені анықталған. Сонымен қатар желтоқсанда азот диоксиді мен күкірт диоксиді бойынша нормадан асу жайттары орын алған», — деп мәлімдеді Қарағанды метеорология орталығы директорының орынбасары Валерий Стратиенко.

Метеорологтың айтуынша, қалада қара қардың пайда болуының бір себебі жел екпінінің төмендігі болуы мүмкін. Желтоқсан айы бойы желдің жылдамдығы секундына екі метрден аспаған. Сондай ақ, қар бетіндегі тұнба — кәсіпорыннан шыққан зиянды қалдықтардың, автомобильдерден шыққан улы газдың және жеке үйлердегі пештердің түтінінен қалыптасқан.

Теміртаудағы ауаның тазалығын анықтау бойынша сараптама тұрақты түрде «Казгидромедтің» төрт бекетінде жүргізіліп отырады. Билік өкілдерінің тапсырмасы бойынша қалаға тағы бір жылжымалы зертхана бағытталды.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басин компания да ластану көзін анықтауға қызығушылық танытатынын жеткізді:

«Кәсіпорынның санитарлық аумағында үш бақылау бекеті бар. Егер зиянды қалдықтар шығу мөлшерінің артуы байқалса, тергеу жұмыстары жүргізіле бастайды. Қалдықтардың шығу мәселесі үнемі бақылауда тұрады. Егер 20 жыл бұрын комбинат жылына 80 мың тонна шаң шығарса, қазіргі таңда 24 мың тонна шығарады», — деді Вадим Басин.

Мамандар Теміртаудағы қара қардың пайда болу себебі металлургиялық комбинаттың қызметімен тікелей байланысты деп нақты айта алмайды. Ластану көзін дәл нұсқау үшін арнайы зерттеулер өткізіліп жатыр: шаңның құрамын сараптау, кәсіпорынның зиянды қалдықтарды шығаруы, метео жағдайлар.

Жиналыс барысында сонымен қатар Теміртаудағы ірі кәсіпорын жүргізіп жатқан табиғатты қорғау шаралары қарастырылды, экологиялық жағдайға мониторинг жасау бойынша өндірістік қалалардың тәжірибесі ұсынылды.

Дәлірек айтар болсақ, осы секілді орталықтарды облысымыздың ірі қалаларында ашу мүмкіндігі талқыланды. Сондай-ақ бақылау бекеттерінің санын арттыру қарастырылды. Теміртаудағы жағдайды шешу үшін экологтардың, метеорологтардың, прокурорлар мен кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды.

«Күнделікті режимде жұмыс істей беріңіздер. Келесі аптада жұмыс тобы бұл мәселенің шешімі туралы нақты ұсыныстар айтулары тиіс. Бұл ақша санайтын жағдай емес. Бұл жерде адамдардың денсаулығы туралы ойлау керек», — деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар аймақ басшысы ластау көзі табылған соң бірінші кезекте зиянды қалдықтардың шығарылуын барынша жою және осы секілді жайттардың алдын алуға бар күшті жұмсау керек болатынын атап айтты.

Лəззат Қожахметова

Қарағанды облысы

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here