Ұланғайыр  қазақ сахарасының бір пұшпағы – Маңғыстау талай сырлар мен құпияларды қойнына жасырған киелі өлке. Бұл өңір үш жүз алпыс екі әулиеге мекен болған жер. Осындай киелі мекенде өмір сүріп жатқанымызды біз мақтан тұтамыз.

«Не хабар?!» республикалық тәуелсіз газеті өткен жылдың 25 қазаны мен 30 желтоқсаны аралығында 15 пен 25 жас аралығындағы жастар үшін «Маңғыстау – киелі түбек» тақырыбында шығармалар байқауын ұйымдастырған болатын. Мұндағы мақсат – оқырмандардың шығармашылығын дамыту, елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын негізге ала отырып, жастарды патриоттыққа, адалдыққа тәрбиелеу. Сонымен қатар «Не хабар?!» газеті мен оқырмандар арасында тығыз қарым-қатынасты орнату болатын.

Көрсетілген уақыт аралығында редакциямызға жиырманың үстінде  шығарма келіп түсті. Ол жұмыстарды байқауға төрелік еткен филология ғылымдарының кандидаттары, яғни білікті мамандар тексеруден өткізді. Қатысушылардың барлығы да өздерінің туып өскен өлкесі туралы қалам тербеген. Алайда, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» — демекші, солардың ішінен байқаудың талаптары бойынша ең мықтылар іріктеліп, жүлделі орындарға ие болды.

Аталған шығармалар байқауында «бас жүлде» ең үздік шығарма жазған  Бейнеу ауданы, Боранқұл ауылының тумасы, бүгінде Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің 3 курс студенті Қымбат Бөкенбаеваға бұйырды. Қуаныштан жүзі бал-бұл жанған жеңімпаз ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдірді.

«Маңғыстаудың киелі түбек екенін тек қана Маңғыстау емес, бүкіл алты алаш жұрты біледі. Менің туып өскен ауылым кезінде Атырау облысының құрамында болған, көп ешкім біле бермейді. Сол себепті  шығармада өз ауылым туралы жазуға бел будым. Сондай-ақ, Маңғыстаудан шыққан ғалым Серікбол Қондыбайдың еңбектері жөнінде де қалам тербедім. Осылайша ұлы тұлғалардың шығармаларын арқау ете отырып, өз ойыммен шығарма жазуға тырыстым. Жеңімпаз атанғаныма бек қуаныштымын», — дейді бас жүлде иегері Қымбат Бөкенбаева.

Ал, шығармалар байқауының 1 орын жүлдесі Түпқараған ауданы, Ж.Мыңбаев атындағы орта мектептің «өзін-өзі тану» пәнінің мұғалімі Шынарай Шәмшеноваға тиесілі болды. Ақтау қаласындағы №13 орта мектеп гимназиясының 11 сынып оқушысы Наргиз Жанабаева 2 орынға ие болса, Ақтау қаласындағы №20 орта мектептің 11 сынып оқушысы Парасат Амангелдин 3 орынды місе тұтты. Сондай-ақ, шығармалар байқауында Түпқараған ауданының тумасы, бүгінде Ақтау қаласындағы энергетикалық колледждің І курс студенті Ғибарт Кемелханов пен Бейнеу ауданы, Күйкен орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Жанат Орынбасар ынталандыру сыйлығына ие болды.

Абзал Маратов

Маңғыстау облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here