Кез келген сауда орынына бара қалсақ, шөл басатын сусындардың ішінде энергетикалық сусындар адамды анадайдан арбайды. Бүгінде бұл  сусындарды, әсіресе жасөспірімдер, студенттер, ұзақ жолға шыққан автокөлік жүргізушілері жиі қолданып жүр. Жарнамасын жарқыратып беріп жатсақ,  олар құмарланып ішпей қайтсін?! Бірақ зиянын білмейтініміз қиын болып тұр. Мүмкін, емін-еркін сатылып жатқандықтан ешқандай зияны жоқтай көретін шығармыз. Алайда дәрігерлер дәл осы энергетикалық сусындардан келетін зиын шаш-етектен дейді. Олардың айтуынша, аталған сусындар құрамында есірткіге ұқсас заттар болады. Бұл орталық жүйке жүйесінің бұзылуына әсер етпей қоймайды. Сонымен қатар,  қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеліп соқтырады. Басқа да ынталандырушылар секілді энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүйке жүйесін әлсіретіп,  оның әсері ұзақ уақыт сақталады екен. Ал, кофеинге адамның тез әуестенуі бұрыннан дәлелденген дүние.

Көптеген энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде В дәрумені болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдардың дірілдеуіне себепкер болса, аталған сусын түрлері  бүйрек қызметінің бұзылуына да әсер етеді. Дәрігерлердің дабыл қағатынындай бар. Өйткені, өсіп келе жатқан жеткіншектердің сүйсініп ішіп жүрген сусындарының құрамындағы дәрумендер мультидәруменді кешенді алмастыра алмайды. Ал, жүрегі ауыратын адамдарға оны тұтынуға мүлдем болмайды. Сондай-ақ, «энергетикалық сусындар шаршағанды басады, күш-қуатты арттырады» деген түсінік те қате дейді дәрігерлер.

Адамдардың, соның ішінде жастардың тез ашуланғыштығы, жүйке жүйесі ауруларына шалдығуының бір себебі осындай сусындарды пайдаланудың салдары болуы мүмкін. Оны бір рет ішкен адам қайтадан ішуге әуестене беретін көрінеді. Қай жылдары Алматыға көлік сатып алуға барған танысым, қайтарда көлікті айдап келе жатып, ұйықтап қалмас үшін бірнеше бөтелке энергетикалық сусынды ішкенін айтты.

««Red bull» сусынын ішкеннен бастап тәбетім ашылып, сусынды үш күн бойы іштім. Адамды сергітіп, мүлдем ұйықтатпайды екен. Бірақ, үйге келген соң қатты ауырдым. Ұйқым келіп тұрса да, ұйықтай алмай дел-сал болдым. Содан кейін зиянын біліп, мүлде ішпей қойдым. Жастардың көп ішетінін көріп жүрмін. Жас организмді қалай бүлдіріп жатқанын елестетудің өзі қиын. Сондықтан ішуге кеңес бермес едім», — дейді ол.

Энергетикалық сусынды шығарушылар оның артықшылықтарын  айтудан жалыққан емес. Тек зиянды жағын айтуға асықпайды. Дабыл қағып жатқан дәрігерлер. Бірақ, дәрігерлердің сөзін тыңдап жатқандар шамалы. Әлі күнге дейін бұл сусындардың қорқыныш, ұйқысыздық, үрейлену, ашуланшақтық, жүректің қатты соғысы сынды кеселдердің тууына себепкер болатынына мән бермейміз. Айта кететін жайт — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балалар арасындағы жүрек-қан тамырлары сырқаттары мен жүйке жүйесінің бұзылуын, асқазан-ішек ауруларын болдырмаудың бір жолы – энергетикалық сусындарды шектеу екенін айтыпты. Мәселен, Франция, Дания, Норвегияда оны сатуға ресми түрде рұқсат етілмеген. Тек дәрігердің нұсқауымен ғана дәрі ретінде дәріханалардан алуға болады. Ал, бізде керісінше. Қазақстанда жастардың бұған әуестігі жылдан-жылға артуда. Жеке дүкен ашып алған кәсіпкерлер осындай өтімді сусынның арқасында жұмысын жүргізіп отыр деуге болады. 250 мен 700 теңге аралығындағы бағада сатылатын энергетикалық сусында қазір ең өтімді тауар болып тұр. Бір қиыны – бұл сусыннан қаза болғандар жөнінде деректер келтіріліп, айтылса да оған бас ауыртып жатқан жастар көрінбейді.

Осы энергетикалық сусындардың адам өліміне әкеліп соқтырған алғашқы дерегі 2009 жылдың қазанында тіркелген екен. Ресейдің Пенза қаласында студент сусынды шектен тыс пайдаланғанның кесірінен көз жұмған. Осындай себеп-салдарын білген шетел мемлекеттері тыйым салған. Бір қызығы біздің елде де тыйым салыныпты. Бірақ, қағаз жүзінде ғана. Нақты айтсақ, Қазақстанның бас санитарлық дәрігерінің 2013 жылдың 19 тамыздағы «Сергітетін компоненттері бар сусындарды сатуға тыйым салу туралы» қаулысымен орта және арнаулы орта білім беретін, жоғары оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын жерлерде мәдени-көпшілік шараларда мұндай сусындарды сатуға шектеу қойылған. Бірақ, мұны ескеріп жатқан кім бар? Қайта кедергісіз сатылуда. Өскелең ұрпақтың денсаулығын ойласақ, бір сәт дәрігерлердің сөзіне құлақ түріп, жастарды осы сусынға деген тәуелділіктен құтқару қажет сияқты. Әрі бұл уақыт күттірмейтін мәселе болуы керек. Себебі таразының бір  басында ұрпақ саулығы тұр.

Гүлзада ҚОЖАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Атырау облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here