ҒАСЫРЛАР ҚОЙНАУЫНАН ЖЕТКЕН САРЫН

Манан әулиенің бейіті Бейнеу кенті маңайында…- деді Светқали. Қаңтар айы болса да қабағын қарс жапқан Атырау қаласының аспаны көз жасын көлдетіп тұр. Ертең көкжиектен көгілдір көктем күні күлімдеп шығатындай. Түн ортасынан әлдеқашан ауып кеткен. Кешкісін қонақасыда отырғанда да сөз тізгінін өзі ұстаған. Айтарың болғанға не жетсін, ал, оны тыңдар құлақ табылса қандай ғанибет! Оның әңгімесін ертегілер еліне еніп кеткендей еліте тыңдап жатқанмын. Елең ете түстім. Қасат қардың көбесін сөгердей аңқылдаған ақпа ақын, таңдайы жарылған шешен Светқали інім мені тағы да таң қалдырды. Сөйтсем, өткеннен өрмек тартып, уақыт құмының астында көміліп қалған көне құндылықтарды аршып, арыстарымыздың атын тірілтіп жүрген оның зерттеу нысандары тізімінде біздің бесінші атамыз, күн жайлатқан Манан Жиенәліұлы да бар екен. Ендеше осалдардың сойынан емес екенбіз деп іштей мақтанып қойғаным да шындық.

— Жер аяғы кеңіген соң ақиқаты ашылар…- деді ол. Мен де сауал тастап, мазалаған жоқпын. Осындайда ойыңа қайдағы, жайдағының оралатын әдеті. Жарты ғасырдан бері жадымда жүрген жағдай еді. Ала жаздай аспан безеріп тамшы тамбады, қыр басындағы қараша үйдің іргесіндегі ай тақыр безеріп, алқына аптап еседі. Ауа ақ жалынға айналып кеткендей. Құмиіннің Желтау жақ етегінде отырғанбыз. Мал дайындау мекемесінің бір қора қойын бағатын Жазықбай әкемнің де жүзі өрт сөндіргендей түтігіп кеткен. Алдында аяғымыздың ұшымен жүреміз. Адамның қиналса тілі бар, әсіресе, төрт түлікке өте ауыр тиді. Әкей түнімен өзінен өзі күбірлеп, сөйлеп шығады. Шығыс жақ құланиектене бастағанда оянып кеттім. Іргеден көз салсам, әкей көкке қолын жайып, құбылаға қарап тулақ үстінде күңіреніп отыр.

— О, құдай! О, күн жайлатқан  Манан Ата!

Өзінде ерекше еміреніс, сөзінде бөлекше тебіреніс бар. Жаратқанға жалбарынып, жаңбыр сұрап жүрегі жылаған сәті әлі есімнен кетпейді. Күн көтеріле ерте туған қара марқаны құдайыға шалып, етін түгелдей қазанға салды. Мені «Бадан көкке» мінгізіп, қоңсы қонған өзінің құрдастарына жұмсады. Сиыр сәскеде Екібай мен Сәрсенбай көкелерім келіп, аттан түсіп жатқанда жас малдың еті де пісіп қалып еді. Көптен көңілі көтерілмеген әкейдің бүгін жанарында жарқыл пайда болыпты. Дастархан басында да әлгі екеуіне кезек бермей өзі сөйледі.

— Дүниенің оқуын тауысқан Манан бабамыз кие дарыған қасиетті жан болыпты. Қайсы бір жылы қазіргі біздің жағдайымыздай жазда жаңбыр жаумай халық қатты қиналады. Жабыла Манан атамызға жалбарынады. Жарықтық, әлде бір құран сүресін сарнатып оқи жөнеліпті. Ел тілегі қабыл болып, ертесіне ақ нөсер айналаны көл қылып кетіпті. Баяғының шалдарынан естігенім. Бүгін білетін «бісмілләмді» айтып, садақа беріп отырмын. Иә, аруақ!

Өзі де өр рухты адам бүгін күш біткендей күбініп отыр. Етке тойған екі шал баталарын беріп, аттанып кеткен соң әуелі сұр жыландай ысқырып жел тұрды. Сәлден соң сап басылды. Ақ тақырдың үстінде көк матаға жапсырылған қара жамаудай бір шөкім бұлт пайда болды. Көзді ашып жұмғанша ақ нөсер болып төгілсін-ай! Ажар апам екеуміз жүгіре жөнелдік. Әйтеуір, көкірегімнен бір нұр саулағандай ерекше қуанып келемін. Бұл біз үшін ұзаққа созылған мерекеге айналды. Ертесіне екі шал тақырдағы айдыннан мал суаруға рұқсат сұрай келді. Әуелі әкей: -Аталарыңа сыйынып жаңбыр жаудырып алыңдар,- деп кергіді. Кейін өтірік қинала тұрып келіскен сыңай танытты. Жастарына орай өте жарасымды сыйластық еді. Екеуі әкейді кезекпен қой сойып, қонақ қылды.

Өзіме тиесілі құлақтан құр қалмау үшін мен де ере баратынмын. Әңгіменің өзегі күн жайлатқан Манан атамыздың әулиелігі төңірегінде өрбитін. Оның немересі Перімен тілдескен Қабылдың қасиетіне тіреліп, үш шал бір ат шалдыратын. Бабаларымызға деген мақтаныш сезімі сол жаз көкірегімде алғаш бүр жарған. Одан бері де жарты ғасырдың жүзі ауыпты. Үнемі Маман бабасының әулиелігін мақтан ететін Жазықбай әкем Базарбайұлы 1969 жылы бейдауа дерттен көз жұмды. Өзінің жан қинаған ауруымен арпалысып жатып та аталардың аманат арманын менің көкірегіме құйып кетуге тырысқан тұңғыш рухани ұстазым екен.

— Патшаға бағынбаған, ақшаға табынбаған кезде де қазақтың байтағына көз сүзген көлденең көк атты аз болмаса керек. Жоңғар жоғалған, қалмақ қашқан… бірақ солтүстіктен соққан суық ызғарды атамыз алғаш аңғарыпты. Бес қаруын асынып, арнасына сыймай тасынып, Алаш жұртын басынып келген басқыншылардың алдынан Манан атамыз шығыпты, — дейтін дуалы ауыз үлкендер, — Жанының жайлауынан күн жайлатқан, найзағай ойнатқан, әйтеуір, жасанып келген жау бұл елмен соғысып береке таппасын біліп, келеке болып кейін қайтқан. Манан Жиенәліұлының қасиетін мойындап, бас иген қолбасшы оның тегін қағазға түсіріп, жаттап алыпты. Шындық болар деп ойлаймын. Ресей мемлекетінің мұрағаттарының бірінде шаң басып жатуы да мүмкін.

Талай өзім тілеп алған қияметтің қыл көпірінде қолымнан жетектеп, жолымнан адастырмаған алты ұрпақ ауысса да есімі ел аузында жүрген атамның әруағы біздің бақытымыздың бағдаршамы екен ғой. Байлықпен өлшенбейтін, барлықпен бағаланбайтын адами болмыстың қарашада жауған ақша қардай таза, таудың тасын жарып аққан қайнар бұлақтай мөлдір, аңқылдап ескен алтын күректей ақжарма жаратылыс жиынтығы. Сол тоғысулардан туатын киелі қасиет. Иә, аузын айға білеген Адайдың Шылымының бәйбішесі Балжан әжеміздің немересі Түгелден тарайтын Жиенәліұлы Манан атамыз туралы жазба дерек мүлдем жоқтың қасы. Бірақ «Көктен көк кітап түскен Мананның ұрпағы келе жатыр», — деп қалт тұрып, жалт бұрылып, бозөкпе балаға мейірлене амандасатын Үтбай ақсақал, «Арғы атасы күн жайлатқан, жаңбыр жаудырған Манан, бергі атасы көріпкел Қабыл әулие, бұл да сәл теңселіп жүргені болмаса тегін емес-ау» — деп арқамнан қағатын Абдолла қарт аузынан шыққан лепестердің шындыққа негізделгеніне сенемін. Осындай әңгімені туған нағашым Қызыл үкіметтің қанды қылышының астында да намазын қаза қылмаған Назар-Құдайберген жары Қазақ Кідібасұлы да жиі айтушы еді.

Қанмен берілетін қасиет иесі — аруақты атасы туралы Маңғыстаудың ойында тұратын Қайрат бауырым да індете ізденіп жүретін. Көне көз қарттарды тілінен тартып сөйлетіп, бағзы бабалар жайлы естігендерін бізге есілте жеткізетін.

— Манан әулиенің бейіті Бейнеу кенті маңайында… Сұлтан сөздің, сұңқар ойдың падишасы Светқалидан үшбу сәлем де жетті.  Сарға елді мекенінен батысқа қарай жиырма екі шақырым жердегі биік төбенің басындағы қорым Манан Ата атында екен. Інім Мейрамбай Сембайұлы, оның ұлы Әділет үшеуіміз атқа қондық. Ақтау қаласынан алып ұшып, екі өкпесін қолына ұстап Қайрат жетті. Алабұртып жүр. Жолбасшымыз Әби Еміл ағайды алға салып, ата басына аттанбақ. Бұл өңірге биыл жаңбыр сирек жауғаны байқалады. Жер бедері дала перзентіне белгілі ғой. Ат шаптырым айнала алақанға салғандай анық көрінетін қыр басында жаңбыр шайып, жел мүжіп жартылай құлаған жалғыз мола.

— Әкем айтатын күн жайлатқан, жаңбыр жаудырған Манан әулиенің бейіті осы, — деді Әби ағай, — бұл арада өзге тамдар мезгіл сынына төзбей жермен жексен болған. Светқали оқыған құлыптастар бар, басқалай белгі қалмаған.

Еміреніп тұрмыз, тебіреніп тұрмыз. Тіліміз байланып қалған. Тақыр бастарын іргеден соққан кешкі самалға тосып, ақ жейденің омырауын ағыта аңқылдап сөйлеп отыратын Жазықбай әкем, Сембай мен Бақтыбай ағаларым, Тәукен көкем көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатыр. Бәрі де баяғының садағасы екен-ау.

Үш ғасырдай бұрын аталардың үкілеп баптаған аманат арғымағының тізгінін ұстау біздің буынға кеш те болса бұйырғанына шүкірлік. Қағазға түсіп хатталмай, санаға тоқылып жатталмай қанша арысымыз арманда кетті? Тіпті, күні кеше өмірден өткен Манан ұрпағы ауа райын болжайтын көріпкел балаларды бір сипап дертінен айықтыратын емсек Бақтыбай Базарбайұлын әлі елі жете тани қойған жоқ. Ендеше, Манан атамыздың аңызға айналған атаның арғы жағында адам баласының бойында сирек кездесер қадірлі қасиетті үнемі жетілдіріп отыру арқылы шыққан рухани биігінің құдіретті күшке айналуының ықпалы тұрған жоқ па екен? Сондықтан сауатын кімнен ашты, қай шаһарда оқыды, Замандастарынан кімдермен байланысты болды – сандаған сауал алдымыздан аңдағайлап шығар еді. Әрине, толық жауап таба алмасымыз тағы аян. Зерттеу, зерделеу жұмыстарының тұсауы да енді кесілгелі тұр.

Жерін қорғап, елін сақтап қалуда алдаспанын алтын күннің нұрына шағылыстырған баһадүр батырлар ғана емес, Манан бабамыздай адами арманын ұлылықпен ұштастырған киелі қасиет иелерінің де үлесі зор екенін мойындайтын кез жетті. Бұл орайда орыстар шығарған, басты кейіпкерді Андрей  Ростоцкий сомдайтын «Не победимый» көркем фильмін көңіл көзімен көрсеңіз жеткілікті. Бұл біздің ұлттық рухымыздың ұрлануы туралы шындығы шырқыраған шығарма.

Онымен өмірде қатарлас, дін жолында сапарлас Ақбота Мұса ғұлама туралы да іздене жүру парыз. Тек Мұса баба ғана ма?

… Осы жылдың қыркүйек айының 30 жұлдызында Манан Ата қорымы басына белгі қойдық. Ақсарбас шалып, құдайы садақа беріп, дұға бағыштадық. Мейрамбай Сембайұлының ұйымдастыруымен өткен шарада Манан атаның жетінші ұрпағын табыстыруға негіз жасалды. Бабадан тарайтын төрт атаның бабаларының бас қосуында негізгі тізгінді Қайрат Құлшықовқа тапсырдық. Біз сүрлеуге түстік, оның даңғылға айналуына бәріміз жұмыла кіріскеніміз жөн. Әруақ қолдасын!

Бүркіт БАЗАРБАЕВ

Құлсары қаласы

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here