1. Соңғы уақытта елімізде өрт оқиғалары жиілеп кетті. «Тілсіз жау» адамдардың өмірін жалмап жатыр. Өткен аптаның жұмасында Атырау облысында болған өрттен жеті адам бақилық болды. Нақты айтқанда, Қызылқоға ауданына қарасты Қарабатан «Газтурбиналық электр стансасы» құрылыс нысанының аумағында контейнер типтес жатақхана шамамен таңғы сағат 08.40-та өртенген. Атырау қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан вахталық қалашықтағы жатақхана өртенгенде оның ішінде шамамен 20 жұмысшы болған екен. Өртті ауыздықтаған өрт сөндірушілер 6 адамның денесін тауып, әртүрлі дәрежеде күйік шалған 4 адамды облыстық ауруханаға жеткізген. Бірақ, келесі күні зардап шеккен бір жұмысшы ауруханада қайтыс болды. Қайтыс болғандардың барлығы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Олар вахталық әдіспен жұмыс істеп келген.

Өрттен кейін Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі:

«Атырау облысында 6 адам қаза тауып, төртеуі зардап шеккен  жатақханадағы өрттің шығу себебі аталды. Бір қабатты жатақханадағы 480 шаршы метр аумақты шарпыған өрттің шығуына алдын ала болжам бойынша  электр сымдар жүйесінің қысқа тұйықталуы себеп болған. Жатақхана Қызылқоға ауданындағы Қарабатан «Газтурбиналық электр стансасының» (Karabatan Utility Solutions ЖШС, АФ PSI Story industriya ПиЭСай Строй Индустрия ЖШС-ның мердігер ұйымы) құрылыс аумағында орналасқан. Жатақхана 120 адамға есептелген», — деген хабар таратты. 

Олардың ақпараты бойынша, өртті сөндіруге департаменттің 18 қызметкері мен 5 техникасы қатысқан. Сондай-ақ, Норт Каспиан ОперейтингКомпани компаниясының өрт сөндіру-апаттық қызметі, мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет және «Полимер Продакшн» ЖШС қызметі атсалысыпты.

Ал, сенбі күні Атырау облысының Қарабатан станциясында газ турбиналық электр станциясының құрылыс алаңында болған төтенше жағдайдың мән-жайын анықтау үшін жедел құрылған үкіметтік комиссия  мүшелері келді. Айта кетейік, комиссия құрамына ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар комитеті мен Атырау облыстық әкімдік өкілдері кірген болатын. Артынша Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «PSI Story industriya» АФ ЖШС мердігерлік ұйымының жобалық менеджері Ержан Садирбалин Қарабатанда орын алған өрт салдарынан қаза тапқандардың отбасына материалдық көмек көрсетілетінін хабарлады.

«PSI Story industriya» АФ ЖШС мердігерлік ұйымының жобалық менеджері Ержан Садирбалиннің айтуынша, контейнерлік жатақханада болған өрт салдарынан қаза болған барлық адамдар Оңтүстік Қазақстан облысының тумалары. Олар компанияда жөндеуші-монтаждаушы болып жұмыс жасаған. Қазіргі уақытта аталған нысанның жұмысы тоқтатылыпты.

«Компания басшылығы қаза болғандардың отбасына материалдық өтемақы төлеп, сондай-ақ зардап шеккендердің еміне қажет қаражатты төлейді», — деп атап өтті ол.

Қазіргі уақытта өрт болған жерде шұғыл тергеу тобы да жұмыс істеуде.  Тексеру нәтижелері кейінірек хабарланатын болады.  Қарабатандағы төтенше жағдайды анықтау мақсатында құрылған үкіметтік комиссияның жетекшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау вице-министрі Нұржан Әлтаев зардап шеккен екі адамның жағдайын арнайы барып білді. Олардың жағдайы тұрақты, жұмысшылар оқиға орнынан төмен жағдайдағы күйікпен ауруханаға жеткізіліп, тиісті ем қабылдауда.

Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрінің айтуынша, төтенше  жағдай орын алған жерде болған компанияның барлық қызметкерлері сақтандырылған, сондықтан тергеу аяқталғаннан кейін зардап шеккен қызметкерлер мен қаза болғандардың туыстары қаржылық көмек алады.

«Заңнамада белгіленген рәсімдер бар. Кімнің кінәсі — жұмыс берушілердің немесе жұмысшылардың өздерінің кінәсі болғанын анықтау үшін барлық рәсімдерді жүргізуіміз керек. Біз қазір барлық сақтандыру келісімшарттарын көтеріп, қызметкерлерге қандай өтемақы төленетінін қарастырамыз. Бұдан басқа, төтенше жағдай орын алған нысанды тексергеннен кейін, барлық жатақханалар жұмысын тоқтата тұру туралы шешім қабылданды», — деді Нұржан Алтаев.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта компанияның басқа қызметкерлері тергеу аяқталғанға дейін үйлеріне жіберілді. Олар үшін жалақы сақталады. Барлық контейнерлік үлгідегі жатақханалар қауіпсіздіктің стандарттарына және талаптарына толық сәйкестендірілгеннен кейін, жұмысшылар қайта келіп жұмысын жалғастырмақ.

Ең өкініштісі – «тілсіз жаудың» кесірінен жеті отбасы асыраушысынан  айырылып, қара жамылды. Алдағы уақытта өңірдегі өндіріс орындарында қауіпсіздік шаралары қатаң сақталып, қайғылы оқиға орын алмаса екен дейміз.

Гүлзада ҚОЖАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Атырау облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here