Қарағанды облысының тұрғындары 6 пайыз сыйақы мөлшерлемемен 18 млн теңгеге дейін несие алып, өз ісін дамыта алады. 5 жылға берілетін несие «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында жүзеге асуда.

Бағдарламаның мақсаты – адамдарды шағын және орта бизнеске жұмылдыру және олардың өмір деңгейін жоғарылату болып табылады. Бағдарламаға ісін енді ғана бастаған және әрекет етуші кәсіпкерлер, сондай-ақ жұмыссыздар мен өздігінен жұмыс істейтін азаматтар қатыса алады. Несиелеу шарттары туралы Қарағанды облысы бойынша «Даму» қорының аймақтық филиалының директоры Гүлнәр Хасенова бүгін Аймақтық коммуникация қызметінің брифингінде айтып берді.

«Бұл бағдарлама жыл басынан бері облысымыздың 8 шағын қаласында және Қарағандыда жүзеге асырылып келеді. Біздің облысымызға 912 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражат 5 екінші деңгейлі банктер арасында бөлінген. Ол – Халық банкі, Сбербанк, АТФ Банк, Нұрбанк және Казкомерцбанк секілді шағын несие беретін қаржы мекемелері. «Даму» Қоры «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының» екінші бағыты бойынша оператор болып табылады. Ол бағдарламаға қатысушыларды әрі қарай қаржыландыратын екінші деңгейдегі банктерді қорландыруды жүзеге асырады. Біз сонымен қатар шағын несиелер бойынша кепілдік береміз. Кепілдік мөлшері несие сомасының 85%-нан аспауы тиіс», — деді Қарағанды облысы бойынша «Даму» қорының аймақтық филиалының директоры Гүлнәр Хасенова.

Бұл ретте «Сбербанк» жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қатысушыларды әрі қарай несиелендіру үшін 400 млн теңге алды. «Сбербанк» АҚ өкілі Фархат Сәрсекеевтің айтуынша, 22 құпталған өтінім бойынша несие беріледі.

«Біз осыған дейін 19 өтінім қабылдадық, қазіргі таңда тексерістер жүргізіп жатырмыз», — деп мәлімдеді Фархат Сәрсекеев.

 

«АТФ Банк» өкілі Абылай Мұқажанов банктің бір клиенті бағдарлама бойынша көліктік қызмет көрсетуге шағын несие алғанын хабарлады. Өтініші құпталған азамат 5 жылға дейінгі мерзімге қорытынды сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайтын 8000 АЕК-ке дейін (шамамен 18 млн. теңге) шағын несие ала алады. Шағын несиелер инвестициялар немесе айналым қаражатын толықтыруға беріледі.

Әрекет етуші кәсіпкерлер үшін жаңа жұмыс орындарын құру міндетті шарт болып табылады. Ісін енді бастап жатқан кәсіпкерлер кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы оқу курстарынан дәріс алу міндетті. Ондай курстар «Атамекен» аймақтық кәсіпкерлер палатасында өткізіледі.

Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша шағын несие беру туралы толығырақ ақпаратты 1408 немесе 8 800 080 1890 нөмірлері колл-орталығына тегін хабарласып біруге болады. Сондай-ақ «Даму» қорына, кәсіпкерлер палатасына немесе КҚКО-на жүгінуге болады деді мамандар.

Ләззат Қожахметова

Қарағанды облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here