Атырау  Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жауапты орган өкілдері рұқсат етілмеген орындарда діни рәсімдер мен құлшылықтар өткізген азаматтар ҚР ӘҚтК талаптарына сәйкес, 113450 теңге айыппұл төлейтінін ескертті. Бұл жайт жақында Ақтөбе қаласында мектеп алдында паранжа киген қыз-келіншектердің жамағат болып намаз оқуына қатысты көтеріліп отыр.

 «ҚР 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 7-ші бабының 2-ші тармағында: діни жоралғылар мен діни рәсімдерді, діни құлшылықтарды мешіттерде немесе заңмен белгіленген орындарда жасауға рұқсат етілген. Біз де облыс тұрғындарына, әсіресе діндар жамағаттарға осыны айтып, егер заңға бағынбаса оларға шара алынатынын ескертеміз. Мәселен, өткен жылы «Атырау» қайырымдылық мекемесі өз ғимаратында заңсыз діни рәсім жүргізді. Сол себепті, мекеменің жұмысы үш айға тоқтатылған болатын. Демек, мұндай жағдайлар бәрібір заңмен реттеліп отырады», — деді облыстық дін істері басқармасының бөлім басшысы Қаһарман Мусаев.

Ал, облыстық Ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимылдар басқармасының жедел аға өкілі Талғат Әмірхановтың айтуынша, өткен жылы Атырау облысында терроризм, экстремизм бойынша 11 қылмыстық іс тіркеліп, оның 10-ы сотқа жолданыпты. Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша қоғамдық орында намаз оқыған 23 адамға айыппұл салынған.

Гүлзада Қожабергенқызы

Атырау облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here