Бұрынырақта «суицид» деген сөзге мүлдем түсінбейтін болсақ, бүгінде жиі естігеннен болар, оған таң қалмайтын болдық. Қазіргі қоғамда өз-өзіне қол жүмсаушылардың арасында жастардың саны басымырақ. Психологтар  мұндай қадамға барудың себеп-салдарын барынша түсіндіреді. Қолыма қалам алудағы мақсатым, оқудағы келіспеушіліктің салдарынан мектеп оқушыларының өз-өзіне қол жұмсау дерегінің жиілеп кеткені себеп болды.

Ақтау қаласында 6 сәуір күні сегізінші қабаттан 17 жасар қыз бала секіріп кеткен. Жан түршігерлік оқиға ақтаулықтарды дүр сілкіндірді. Бүгінде қайтыс болған қыздың ата-анасы оның ұстазын кінәләп отыр. Алайда, құқық қорғау органы мен білім басқармасындағылардың ойы басқа.

Мәдина өз-өзіне қол салған күні анасы Наила Нарембаеваға сыныптас құрбысы хабарласып, Мәдинаның сол күні сыныптас қыздарымен және сынып жетекшісімен сөзге келіп, мектептен көңіл-күйсіз кетіп қалғанын  айтқан.

«Мәдина біраз уақыттан бері 4 сыныптасымен келіспей жүрген. Бұл мәселеге олар үлкендерді араластырмай, өздері шешіп жүрген. 6 сәуір күні араға сынып жетекшісі Нина Вареник араласқаннан кейін, менің қызым аса қатты психологиялық стреске түсті. Себебі, ұстазы олардың бәріне менің қызымды кінәлаған», — дейді анасы Наила Нарембаева.

Оқушы  бірнеше жылдан бері Нина Ивановнадан қосымша сабақ алып келген. Тіпті, анасының айтуынша бір-бірімен ішкі сырларымен де бөліскен көрінеді. Алайда, оқушылар арасында келіспеушілік туындаған кезде сынып жетекшісі тарапынан Мәдинаға қолдау көрсетілмеген.

«Маған Мәдинаның мектептен жылап шығып кетіп, әжесінің үйіне барам дегенін айтты. Қызыма хабарластым, телефонын көтермеді. Сынып жетекшісіне дереу хабарласқанымда, ол «мен қайдан білейін, бәрі кетіп қалған» деп жауап берді. Жолдасым екеуміз 11-шағын аудан жақтан іздеп көрдік. Бір кезде отбасылық досымыз хабарласып, 12-ші шағынаудандағы 5-ші үйге келуімізді сұрады. Онда барғанда полиция қызметкерлері мен дәрігерлерді көрдік, сене алмаймын», — дейді  қайғы жұтқан оқушының анасы.

Анасының айтуынша, қызымен сөзге келіп қалған 4 қыз басқа мектепке ауысып кетіпті. Сондықтан, ол бұл жағдайға сынып жетекшіні кінәлап отыр.  Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы болса, аталған мектепте ата-аналар тарапынан бұрын-соңды шағым болмағанын алға тартады. Алайда, қайғылы оқиғадан кейін мектеп директоры дереу қызметінен кетіп тынған, түсініксіз… Ал, жаңадан тағайындалған мектеп директоры бұл оқиғаға қатысты пікір айтудан бас тартып отыр.

 «Құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Кімнің кінәлі екенін нақты айта алмаймыз. Басқарма тарапынан да қызметтік тексеру тағайындалды. Қазіргі уақытқа дейін аталған мектепке қатысты ата-аналар тарапынан да, оқушылардан да арыз-шағым болмады. Ал, оқушының сынып жетекшісі Нина Ивановна Вареник тәжірибелі ұстаз. Оған тағар кінәміз жоқ. Ол қазір жұмысын жалғастыруда», — дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Светлана Төлебаева.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Мектеп ұжымы мен оқушылардың айтуынша, қайтыс болған оқушы сабақты жақсы оқитын мейірімді де, сабырлы көрінеді. Білімділігінің арқасында олимпиадаларға қатысып келген. Жеңіл атлетика, каратэ, тіпті сән курсына да барған. Мәдина мектепті бітіргеннен кейін, дәрігер болуды армандаған. Өкінішке орай, арманына жете алмай, жас өмірін қыршынынан қиды.

Бүгінде жасөспірімдердің психологиясы аса нәзік. Өткен жылғы деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша әлем елдерінің арасында екінші орында екен. 15 пен 19 жас қыздар арасындағы суицид бойынша еліміз алдыңғы орында тұр. Мұның барлығы адам шошырлық мәліметтер.

Заманның ағысымен жүзу үшін ата-аналар тынбай жұмыс істеуге мәжбүр. Таңнан кешке дейін жұмыс деп шауып жүреді. Ал, баланың осы уақытта немен айналысып жүргенінен бейхабар күйде болады. Жарты күнін мектепте өткізеді. Ол кезде оларға мұғалім жауапты болуы керек. Бірақ оларға да бәрі бір сияқты. Барлығына бірдей топырақ шашуға болмайды, дегенмен бүгінгінің мұғалімдері оқушылардың тәрбиесіне мән бере бермейді. Осыдан кейін қайғылы жағдайлар орын алып жатса, бармағымызды шайнап қала береміз.

Луиза МОЛОЧАЕВА

Маңғыстау облысы

 

 

 

 

 

 

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here