Жақында Шебір ауылынан көне құмыра табылды деген хабар желіде желдей есіп тарап кетті. Жұрт жаппай көне жәдігердің бүтін сақталуына таң қалса, кейбірі сенімсіздік танытты. Жылдар бойы үлкен құмыра сынбақ түгілі, сызық та түспеген. Сонау орта ғасырда саусағынан бал тамған шебердің қолынан құйылған күйі мұрты бұзылмаған іспетті: жып-жылтыр, тап-таза. Әшейінде әлеужеліні құдайындай көріп, ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс деп білетін желі пайдаланушылары бұл жолы шетінен міншіл: «Құмыраның бүтін сақталуы мүмкін емес», «Өздері жаңа құмыра сатып алып, құмға көмген шығар», «Бұл монтаждың құдіреті болса керек» секілді сымбалсыз сыпсыңдар тараған. Алайда, журналистер мен зерттеушілердің арнайы тобы құрылып, Шебірдегі құмыраның шындығына жетті. Осылайша сыпсыңдардың «төбесіне су құйылды». Ал «қолдан жасаған» деген айыпты таққан «тақтақтардың» тұжырымдары құмға сіңіп жоғалды.

Серікбол Қондыбай атындағы музейдің кеңесшісі, зерттеуші, таңбатанушы, Маңғыстауға қатысты бірнеше кітаптың авторы Мұрат Ақмырзаев құмыраны көріп, шамамен орта ғасырға жатуы мүмкін деген болжам жасады. Сонымен, сүйінші Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шебір ауылының маңынан табылған құмыра – шынымен тарихи сенсация. Бұл құмыраның сыры әлі ашылады. Әзірге бізге белгілісі – Шебір, Тұщықұдық, Қызан, Ақшымырау құмдары – көп қазыналарды қойнауына алған қасиетті мекен. Мұны әр маңғыстаулық пен зерттеуші ескеруі керек!

ТАУ БАЛАСЫ ТАУҒА ҚАРАП ӨСЕДІ, ҚЫР БАЛАСЫ ҚОЛ СОЗАДЫ АСПАНҒА

Жалпы әу бастан адам мен табиғат – ажырамас дүние. Өкінішке қарай, ғылыми техникалық төңкерістер бұларды бөліп қарастырды. «Адамға табын, жер, енді» деп адамзатты құдайға айналдырды. Оның зардаптарын қазір көріп жатырмыз. Ал, Маңғыстауды талай зауалдарда құрып кетуден аман алып қалған – халықтың рухани болмысы мен табиғаты болса керек. Шаңды қиян деп атау берілген қасиетті мекеннің көп бөлігін құм басып жатыр. Далалық экспедицияның зерттеу нәтижесіне сүйенсек, 6 млн 245 мың гектар жердің 5,5 пайызын құмдық жер алып жатыр. Шығыс құмдық аймақтағы Сенек, Мырзайыр, Басқұдық шөлдерінен бөлек, Маңғыстау ауданындағы Тұщықұдық, Шебір, Қызан ауылдарындағы шағын құмның алар орны ерекше. Бұл ауылдарда құм көшкіні – тұрақты процесс. Бірде құм бар болса, бірде жоқ. Мұны жақында жебенің ұшы мен теңгеліктер тапқан Тұщықұдық ауылының тұрғыны растай түседі:

«Бұл жерде құм үнемі көшіп жүреді. Бүгін, мәселен жел жоқ сияқты. Жел тұрмаса да, қалай болғанда да құм көшеді. Бір күн былай ығысады, бір күн былай ығысады. Сол уақыттарда асты ашылып қалады. Асты кілең қиыршық тас, шақпақ тас. Солардың арасынан көп қазына шықты. Менің қолымдағы да ежелгі замандағы бұйым. Осыған қарап осы жерде елді мекен болған шығар, адамдар отырған шығар деп тұжырым жасауға болады», — дейді Тұщықұдық ауылының тұрғыны Жалғасбай Ұзақбаев.   

Зерттеушілер құмның ерекше кие дарыған жер бедері екенін айтады. Құмға қатысты құнды пікір көп. «Құм баласы жұмсақ болады» дегенді аталарымыздан еститін едік. Соған қарағанда құмның адам бойына сіңірер қасиеті күшті болса керек. Құмның адамға берер энергиясы да алабөтен. Сондай-ақ, құмның қойнындағы кез-келген затты сол күйі сақтайтын қасиеті бар. Қойнауына түскен дүниені  аймалап, айқара құшақтап алады. Шіріп те кетпейтін, қатып та қалмайтын біркелкі температураны ұстайды. Біздің қолымызға келген құмыра да құмның арқасында аман қалған. Міне, көп сұрақтарға жауап!

ШАЙТАНДЫ БАЙЛАҒАН ҚҰМЫРА

Маңғыстаулық Ордалы Қосайдың кезінде 1 жыл дайындаған мақаласы бар еді. Оған тіпті сол кездегі Энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник жауап қатқан. Онда құмыраның символдық мәнін аша келіп, қазақ дүниетанымындағы Шығыс менталитетіндегі рөлін айшықтайды. Мақалада: «Біздің аңыз ертегілеріміздің бірінде шайтанды құмыраға салып, аузын тығындап, суға лақтырып құтылыпты» деген тіркес бар. Сол құмырада не қасиет барын зерттеген орыс ғалымдары құмыраның құйылу принципін тапқан. Құмыраның қабырғасының ерекшелігі мыңдаған жылдарға дейін радиоактивтілікті шашау шығармай сақтай алатындығына көз жеткізген. Сөйтіп, олар құмыра капсулалар жасап, радиация қалдықтарын көму туралы ұсыныс жасаған». Бұдан аңғарылатыны, құмыраның ерекше құрылымы аңыздардағы дәлдүріштерді ғана емес, адам қолынан пайда болған дүлейлерді ішіне сыйғызатын кепиетке ие. Демек, Маңғыстау даласында құмыралардың жиі ұшырасуы жайдан жай емес. (Осыған дейін де сол топырақтан екі құмыра табылған). Құдды ата-бабалар Маңғыстаудың бір кездері радиацияға көмілетінін білгендей….

ҮШ МЫҢ ЖЫЛДЫҚ МӘДЕНИЕТ

Шебір, Тұщықұдық маңдары тұнып тұрған өркениет. Мұны ғалымдар айтады. Белгілі өлкетанушы Әзірбай Бекиев өлкенің бай мәдениетін тілге тиек етеді.

 «Шебір – үш мың жылдық тарихы бар ауыл. Мына табылған құмыра элеонит (мыс дәуірі-ред.) заманындағы құмыра болар деп есептейміз. Себебі Шебір – Маңғыстаудағы Ұлы Жібек жолындағы керуенсарайы болған. Бұған дейін де 2 рет құмыра табылған. Олар қазір мектептің музейінде тұр», — дейді өлкетанушы Әзірбай Бекиев.  

Мұнда тамыры терең тарих жатқанына мына жайт та дәлел. Тұщықұдықтың кіреберісінде Шағатай деген жер бар. Бұл – көне Шағатай ұлысының бір жұрнағы болса керек. Сондай-ақ, Көкімбет деген көк күмбез көкке шаншылады. Бұл тарихи маңызы мен көркемдігі жағынан Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен кейінгі екінші орында екен. Осының бәрі Бозашы түбегінің оңтүстік батысындағы елді мекендердің  көне мәдениет орталығы екеніне айғақ.

СӨЗ СОҢЫ

Сонымен, «Жасыл әлем» экологиялық қозғалысының жұмысшылары (Сағынбек Бектұрғанов пен Орынбек Үмбетов тауып алды) жер қазып жүріп тапқан көне жәдігерліктің тағдыры не болмақ? Қазір көне бұйым ауылдықтардың қолында. Бізбен бірге жүріп Серікбол Қондыбай атындағы музей қызметкері, зерттеуші Мұрат Ақмырзаев өлшемдерін алып, қазынаның төлқұжатын жасауға талаптанды. Енді музейдің прейскуранты бойынша қазына тапқыштарға берілетін сыйақы да қарастырылмақ. Ғалымның өзін сөйлетсек:

 «Құмыра – өте құнды жәдігер. Оны қазіргі тұрпаты мен түріне қарап, шамамен ортағасырға жатқызуға болады. Осыдан бұрын да мұндай құмыралардың табылуы – осы аймақтарда құмыра жасалды деген ойға жетелейді. Жалпы, құмыраның көлемі біршама: тұрқы 60 см, енінің диаметрі 40 см, мойнының диаметрі 24 см, түбі 17,5 см», — дейді зерттеуші Мұрат Ақмырзаев.   

Құмыра хас шебердің қолынан шыққаны көрініп тұр. Ортасы дәл табылғаны сонша, сыртындағы сызықтар қылдай етіп бір-бірімен қиылыспай қашалған. Құмыраның бір бүйірінде бітелген тесік бар. Су құйып ішуге арналған болса керек. Дегенмен, құмыраның үлкендігіне қарап, ішіне арпа-бидай сақтаған деп айтуға да негіз бар. Көлемді болғанмен, құмыра қолға ұстауға ыңғайлы, жеп-жеңіл. Түсі ашық қоңыр, қыштан жасалған. Құмыраның шайтанды ұстайтын кепиетін білдік. Радиацияны шашау шығармай сақтайтын қасиетін таныдық. Енді тек осыны тарих кәдесіне жарату қалды. Сан ғасырдың сырын сақтаған жәдігер зерттелсе, Маңғыстаудың мыңжылдық тарихына қосар үлесі көп болмақ!

Хамал ҒАФУР

Маңғыстау облысы

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here