Дүрбелең мына өмірде, дүбәраның күйін кешкен  ана. Жалғыз ұлының жансыз денесін құшып, жанарынан аққан үздіксіз жасты тыя алмады. Жарық дүниеге налыған жүрегі қақ айырылғандай күй кешті. Қалай? Қалайша тұла бойы тұңғышын, шаңырағының тұтқасын тарамдалған тар жерге жерлемек?

Ғазиза ана көзінің қарашығындай қорғап жүретін ұлы Жарасты жалғыз өсірді. Жолдасы Қуандықтың өмірден қайтқанына да он бес жылдың жүзі толды. Бар тапқан нәпақасын баласының аузына тосып, киімін бүтіндеп, асын түгендеп жүретін. Осылайша, бес жасынан әкесіз өскен Жарастың бар көрген-білгені анасы ғана. Туған-туыстарынан жырақ өскен жастың жүрегі тек «анашым» деп соғатын. Ес білгелі қара жұмысты істеп, маңдай терімен адал ас әкелетін анасы, ол үшін әлемдегі теңдесіз әйел адамы еді. Бір бойынан қайсарлық пен батылдық, нәзіктік пен мейірімділік кездесетін анасын Жарас шексіз жақсы көретін. «Мен өскенде»… деп басталатын әңгімелері тек анасы жайлы ғана болатын. Бала күнінен анасына тек бақыт пен нұр шуағына бөлеуді армандайтын. Тек тағдырдың тарамыс жолдары …

Бүгінгі күн Ғазиза ана үшін ерекше күн. Жары Қуандықтан қалған  тұяғы, тұңғышы, жалғызының туылған күні. Күн шығысымен көз ілмеген Ғазиза ана таңертең ерте тұрып, Жарастың таңғы асын әзірлеп әлекке түсті. Қуанышқа толы жүзімен баласының бөлмесіне барып, маңдайынан иіскеп «Балам, туылған күніңмен! Көз қарашығым менің» деп тұрғызды. Бұл тек бүгін ғана емес, баласын еркелетіп тұрғызу әдетке айналғалы қашан… Анасының еркелеткен жылы құшағына тығылған Жарас жасы жиырмаға келсе де, тап осы қылығына еш қысылған емес. Керісінше, осы сәтті өмірінің ең бір ыстық уақытына балайтын жастың жүрегі қуанышқа толы болатын. Ол үшін анасының жұпар иісі, аяулы алақаны бәрі, бәрі шексіз ғаламат іспеттес. Бірақ, бұл жолғы Жарастың құшағынан салқындық сезілгендей көрінді. Анасын соңғы рет қатты қысқан бала құшағы сағынышқа толы. Құдды бір қимастықтың самалы ескендей леп ұрды.

— Анашым, деп Жарас анасына таңғы ас үстінде жымия қарады.

— Бүгін достарымызбен туылған күнімді атап өтсек деп едік, әрине сіз рұқсат берсеңіз. Жиырмаға толсам да, сіз үшін әлі баламын ғой, — деп әзілдей сөйледі. Баласының қанша есейсе де, ана көңіліне қарайтын осы бір тәтті қылығына елжіреген Ғазиза ана:

— Әрине, бара ғой. Қалтаңда ақшаң бар ма? Жетпесе берейін, — деп айтып үлгергені сол еді, Жарас:

— Анашым, кешегі бергеніңіз жетеді, — деді. Ары қарай Ғазиза ана қазбалап, қайда барасыңдар, кімдер болады, кеш болмай үйге қайт сынды сөздерді айтпаса да, баласы түсінгендей кейіп танытты. Осылайша, бірін-бірі үнсіз түсінетін бала мен ана жүрегі тілсіз ұғынысқандай.

Ғазиза ана осы жолы жұмысына қарай аяғын әрең басып келеді. Ой тұңғиығына түсіп кеткен ана жүрегі бір жамандықты сезгендей күй кешті. Біресе жары Қуандықты, біресе Жарасын ойлаған ана ойын мазалаған сан сұрақтың шешімін таба алмай сергелдеңге түсті. Құдды бір өзін жапан далада жалғыз қалғандай, жан-жағына қарап қорқынышқа бой алдырды. Есін жиып, «Ғазиза саған не болды?» деп өз-өзіне сөйлеп те қояды. Осылайша, қолына ұялы телефонын алып, Жарасқа хабарласа бастады. Баласының телефон тұтқасын көтермей жатқандығына уайымдап, ойы сан тарапқа жүгірді. «Маған не көрінді? Достарымен туылған күнін атап өтеміз деді емес пе? Телефонының даусын естімей жатқан болар» деп сөйлеп те алды. Арада сүт пісірімдей уақыт өтпестен Ғазиза ананың телефонына қоңырау шалынды.

Алло, алло, Жарасым, — деп айтып үлгерместен, аржағынан белгісіз ер адамның даусы шықты.

Ғазиза апа, бұл мен ғой Алмат. Жарас…Жарас жол апатына түсті, — деп дір-дір еткен дауыспен тіл қатты.

Жоқ… Мүмкін емес… Жарасым…

Ғазиза ана үшін уақыт тоқтап қалғандай көрінді. Құм боп езілген жүрек  тура қазір қақ бөлініп қалардай күйіп барады. Қас-қағым сәтте бәрі өзгеріп сала берді. Дәл бүгін, Жарасы дүниеге келген күні жазмыштың жасын қамшысы солқ еткізді. Іле-шала жүгірген ана ұлының жанына құстай ұшып келді. Өз көзіне өзі сенер емес. «Неге? Неге? Балам, жалғызым, тұр деймін. Тұр. Сен мені жалғыз тастап кете алмайсың» деп өксікпен жылады. Жарасының жансыз денесін құшып: «Осыншама мені сынайтын тағдырыма не жаздым? Кешірші, кешірші мені Қуандық. Соңыңнан қалған жалғыз тұяғыңа бас көз бола алмағаным үшін кешірші. Амалым жоқ, қайтейін, амалым жоқ…», — деп Ғазиза ана қатты егілді.

Ана мен баланың бұл көрінісі айналасындағы достары үшін ауыр тиді.  Көз жаспен қатарласып жаңбыр да ащы мұңын төкті. Ана ішіндегі өксікпен тұншығып дала күңіренді. Табиғат та ащы даусын айналасына төге түсті. Осылайша, айналасына үнемі мейір-шапағатын төгіп, жанында жүргендерге мейіріммен сүйсіне қарайтын жан бұл өмірге келмеске кетті. Ал аядай бөлмеде, қу денесін құшақтап қалған Ғазиза ананың жанарынан көз жасы кетер емес. Болып жатқан жайтқа түс секілді қарап, өз-өзінен өлең айтады. Біресе баласының бөлмесіне барып: «Жарасым, мен келдім. Қайдасың?», — деп дауыс етеді. Сау адамның кейпіндегі жындының күйін кешкен ана жалғыздықпен күресе алмады.Тек терезеге телмірген бойы баласының қайтып келетінінен үміт үзбеді…

Самал БАҚЫТБЕКҚЫЗЫ

Алматы қаласы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here