Кезінде Кеңес Одағының тұсында Оңтүстік Қазақстан облысы орталығының деңгейін  көтеру үшін Асанбай Асқаров ағамыз барын салған. Кейіннен солақай саясат кесірінен көптеген нысандар жермен-жексен етілді. Соның өзінде «Дендробақ», «Ипподром», «Зообақ» секілді ірі мәдени-танымдық орталықтар қара тізімге «ілікпеді». Ал тәуелсіздік алған 15 жылдан соң, Шымкент қаласын заман талабына сай жасарту, жаңарту жұмыстары қайта қолға алынды. Ол үшін ең бірінші жабайы базарларды жабу қажет еді. Осы іске кіріскен қала, облыс басшылары үлкен қарсылыққа тап болды. Ірі базар иелері бірден əкімшілікпен соттасуға кірісті. Астанадағы, өзге де билік тұтқасын ұстаған таныстарын араға салды. Сатушыларын наразылық шарасына шығарғандар да бар. Тіпті кейбіреулері аштық  жариялады. Əйткенмен сол кездегі облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев әлгіндей əдіс-тəсілдердің ешқайсысына сыр алдырмады. Базар иелеріне екі-ақ талап қойды.  Сауда орындарын заманауи талапқа сай ету, болмаса базарды қала сыртына көшіру.  Бұл екі таңдауды да қаламаған көп кəсіпкерлердің базарлары жабылып тынды. Өзге сауда орындарына қойылған бұл талаптар сол жылдары Шымкенттегі мал базарына қойылмаған секілді. Бəлкім аталған сауда орыны шаһар сыртында орналасқандықтан  түбегейлі өзгерістер əкелген науқанға ілікпей қалған болар. Мейлі базар қала шетінде болғанымен иесі сауда орнын ретке келтіруді неге қолға алмаған? Бұлай деуімізге жуырда сауда орнына барғанда көзімізбен көрген олқылықтар себеп болды.

Базардың өзі Алматы-Термез халықаралық айналма жолына өте жақын тұста орналасқан. Ал сауда орнына келгендердің көбі көліктерін сол жолдың екі шетіне қойып кете береді екен. Мұның өзі жол қозғалысына үлкен кедергісін келтіруде. Əрі сол жолдың бойында кейбір көліктер шөп сатуда. Əлбетте олардың мал базарына қатысы жоқ шығар. Бірақ бұл да жөнге салуды қажет ететін ретсіздік. Біз үлкен жол бойынан мал базарына қарай бұрылғанда аталған сауда орнына баратын жолдың әлі күнге жаңартылмағанына таңдандық. «Баяғы жартас – сол жартас». Ал базарға көлікпен кіре-беріс тұсы көлкіген көлшік. Іштен малдың қиын басып шыққан көліктер əлгі көлшікті кешіп, доңғалағындағы жабысқан қиды суға араластыра өтуде. Ол аздай базарға кіре-беріс қақпаның өзіне біреулер уақ малдарын байлап қойыпты, масқара! Мал базардың іші тым ретсіз. Оның да ішіне неше түрлі сүйріктей шетелдік көліктер қойылған. Арасынан ары-бері тепсінген жылқы малын, бұлқынған бұқаларды ұзын арқанымен сүйрелеген шығып жатқан адамдар. Егер айналасынан үріккен бір айғыр анау қымбат көліктердің бірінің есігін тепсе не болады? Ол үшін көлік пен мал иелері бір-бірін айыптап дауласары анық. Бірақ оған бірінші базар иесі айыпты емес пе? Сауда орнындағы мал жүретін тұста көлік қоюға жол беріп отырған базар иесі емес пе?

Малдың көлікті бүлдіргенін қойыңызшы, сол көліктердің бірі тосыннан жанып, өрт пайда болса не болады? Базардан жан-жағынан қашып шығатын қосымша дарбазаларды көрмедік. Сауда орнының сыртын айналдыра, үстінен өрт қауіпсіздігі үшін жүргізілген су жүйесі жоқ. Базардың бір жағы қыр екен. Төтенше жағдай кезінде ол жаққа адам да қаша алмайды. Сауда орнында электр желілері де қалай болса солай жүргізілген. Кейбірі тым төмен тартылған. Бір тұста тоғыз жолдың торабындай бір-біріне жақын топтаса тұрған желілер де бар.

Ал ауру малға арналған орын деп жазылған нысанның айналасынан ақ халат киген адам көрмедік.

Оның үстіне мал жүретін жолда бəліш, темекі, киім де  сатылуда. Бұлар мал өтетін орыннан жырақтау жерде сатылуы керек емес  пе? Ал уақ мал саудаланатын тұста қой қамайтын нысандардың сыртқы көрінісі адам шошырлық. Тіпті, көбісінің төбесінде шатыр да жоқ. Құр қалқиып белағаштары мен тақтайлары көрініп тұр. Бұдан өзге ғимараттарының барлығы көзге қораш көрінетін жағдайда. Сан жылдар бұрынғы мал базары бірде-бір рет жаңартылып ретке келтірілмеген. Кей адамдар сол жерде тұрып қойларының жүнін қырқып жатыр. Салдарынан бір жерде үйіліп жатқан жүнді көрдік. Қала берді, сойылып, терісі сылынып алынған уақ малды көрдік. Ол неге сойылған? Мүмкін ауру мал базарға келген соң жан тәсілім етті ме? Оны сұрайық десек қасында ешкім жоқ. Иесінің оны тастап кетуі де тегін емес. Сонда сауда орнына кейбіреулер ауру малды да әкеліп сата бере ме? Өңірімізде кейде жаппай малдың ауырған кездері аз емес. Егер сондай жұқпалы ауру осы мал базары арқылы тараса қауіпті ғой.

Оның үстіне, біз бір жігітпен үш ешкіге біраз саудаластық. Ортақ бағаға келіскен соң базардан шыққанда есік аузында әр ешкіге төлейтін ақшаны келіскен бағадан алып тастауға келіспек болдым. Сөйтсем, ешкі иесі «Ой оларға жөндеп сөйлессеңіз үш ешкіге 500 теңге бере саласыз» дейді. Біз бұл сөзге орай түбіртек берушілерді айыптай ала алмаймыз. Мал сатушы өтірік айтып тұрған шығар. Бірақ «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген тағы бар. Қысқасы, Шымкент қалалық кірістер департаменті мал базардың қақпасына бейнекамера орнатып қойса артықтық ете қоймас. Ал сауда орнындағы кемшіліктер үшін базар қожайынына жолығуды жөн санадық. Сұрастыра-сұрастыра базар басшысы отырады деген тұсқа бардық. Сол жердегі азамат өзін «бұл арада жұмыс істемеймін, басшыны қазір шақырамыз» деп кеткенімен, сағаттап отырсақ та ешкім келмеді. Десекте, сол жерде сауда орнының басшысы Сандыбаев деген азамат деп естідік.

Шымкент республикадағы үшінші қала болады, Түркістан облыс орталығына айналады деген әңгіме шыққалы қашан? Ал үшінші шаһарда мынадай мал базардың болғаны жөн бе? Оған қарағанда Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы мал базар әлдеқайда артық.

Сабыржан БАЙБОСЫНОВ

Оңтүстік Қазақстан облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here