Қызылорда қаласы Абай даңғылы бойындағы көп қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерден өрт шығып, төтенше жағдайлар саласы мамандарының күшімен оның ішінде қалып қойған әйел адам құтқарылды.

Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі мамандары оқиға орнына келіп жеткенде екінші қабаттың терезесінен түтін шығып жатқанын аңғарды.  Көршілері пәтер ішінде адам қалып қойғанын айтты. Мамандар дереу іске кірісіп, пәтер балконынан автосаты арқылы ішке кірді. Өрт сөндірушілер еденде ес-түссіз жатқан азаматшаны құтқарып, оны апаттар медицинасы орталығы қызметкерлеріне табыс етті.

«Орталық мамандары азаматшаға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетті. Ол кісі 1975 жылы дүниеге келген. Оның арқа және жамбас бөлігі екінші және үшінші дәрежелі күйік алғаны белгілі болды. Бұл азаматша облыс медицина орталығына жеткізілді», — дейді Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Айгүл Нұрманова.

Өрт сөндірушілер шарпыған жалынды тез арада сөндірді. Қазір өрттің себебі анықталу үстінде.

Дәурен Таңатаров

Қызылорда облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here