Жуырда Ордабасы ауданы Қажымұхан ауылындағы самбо күресінің  үш ардагері республикалық чемпионаттан топ жарды. Самбо күресінен ардагерлер арасындағы чемпионат Қостанай облысындағы Ы.Алтынсарин атындағы ауданда өтті. Дүбірлі додаға Қажымұхан ауылынан Ұлас Момынов, Құрмансейіт Зияев, Сахтан Бекпейісұлы барып қатысқан болатын. Қара күш пен ептілік сынға түсетін белдесуде қажымұхандықтар қарсылас шақ келтірмеген.

Нəтижесінде Ұлас Момынов – 68 келі, Құрмансейіт Зияев – 100 келі, Сахтан Бекпейісұлы 110 келі салмақ бойынша жеңімпаз атанды. Қостанайда бұл чемпионаттың өткізілуінің өз себебі бар. Үстіміздегі жылы қазан айында Солтүстік Африка астанасы Мароккода  самбо ардагерлері арасында əлем чемпионаты өтпек. Жоғарыда аттары аталған самбо ардагерлеріне аталған додаға баратын жолдама берілді.

Айта кетерлігі, Ұлас аға 67 жаста болса, Сахтан мырза 63 жаста, Құрмансейіт 62 жаста. Бір қызығы, Ұлас өмірінде жеңілмеген адам. Кезінде күрестен КСРО спорт шеберлігін қорғаған азамат. Ал Құрмансейіт еркін күрестен КСРО спорт шебері.  Демек, екеуі де өз салмағындағы ең биік шыңдарды бағындырған.

Спортты жанына өмірлік серік еткен үш азамат та әлі күнге жаттығуды үзбепті. Мүмкін  осы жасқа келгенше жеңісті қолдарынан бермей келе жатқаны сол еңбектерінің жемісі шығар. Былтыр самбодан спорт шеберлері арасындағы чемпионат Түркістан шаһарында ұйымдастырылған. Сахтан ағамыз сол додада екінші орынды иемденсе, Ұлас Момынов болса бірінші орын алып, өңіріміздің мерейін асқақтатыпты. Одан кейін дүниежүзілік додаға қатысып, әлем чемпионы атанып келген.

Сабыржан Байбосынов

Оңтүстік Қазақстан облысы

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here