Алматыда Фариза Оңғарсынованың құметіне көше атауы берілді

Алматыда Фариза Оңғарсынованың құметіне көше атауы берілді

Алматыда Алатау ауданына қарасты Алғабас ықшамауданындағы ұзындығы 4 шақырымнан асатын бұрынғы Ақсай көшесіне Фариза Оңғарсынова есімі берілді. Көшенің салтанатты ашылу рәсіміне халық жазушысының жерлестері, туыстары, көзін көрген әріптестері мен Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері жиналды. Олар қазақтың ақын қызы Фаризаның өмірі мен шығармашылығын еске алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Атырауда аспанмен таласқан үлкен ескерткіш қойылды. Елордамызда Нұр-Сұлтан қаласында көшесі ашылды. Дәл сол секілді мерейлі белесіне орай Алматы қаласында да дәл сондай шараның бір куәсі болып отырмыз. Фариза апамызға көше берілер кезде бұл барлық деңгейлерде елдің бір ауыздан мойындағандығын көрсетті", - деді Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай АХЕТОВ.

"Фариза апай осы жерде қазақтың рухының өсуіне, қазақтың қазақ болуына, қазақтың қыздарының ешкімнен кем болмауына бір адамдай еңбек сіңірген. Сол өзінің керемет отты өлеңдерімен осы Алматыдағы қазақтың ең бір үлкен рухани анасы болып жүрді. Сонда түп-түзу көше апайдың өзінің жан дүниесі сияқты ғажайып көше, айналасы паркке айналатын керемет көшені беріп жатқан Алматы қаласы әкімдігіне көп-көп рахмет айтамыз", - деді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке ҚҰЛКЕНОВ.

Қазақ әдебиетіне "Сандуғаш", "Маңғыстау маржандары", "Мазасыз шақ" секілді өлеңдер жинағын әкелген ақын шығармашылықпен қатар жауапты қызметтерді қатар атқарды. Есте болса, 1996-шы жылдан 2004-ші жылға дейінгі аралықта Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші және екінші шақырылымдарының депутаты болған.

"Көшеге Фаризаның атын беру – барша қазақ қыздарына, ақын қыздарына көрсетілген сый- құрмет. Енді біздің ақындарымыз көп болғанымен, оның ішінде нағыз ақындар саусақпен санарлықтай ғой. Міне, соған қарағанда Фаризаның орны ерекше. Арамызда Фариза жоқ. Әлі күнге шейін осы өлімге қимайтын адамдарың болады ғой. Маған ол бір телефон соғатын сияқты көрінеді де тұрады", - деді ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, драматург Дулат ИСАБЕКОВ.

"Кейбіреулер "Фаризаның бетіне қарасаң, қорқасың" деп айтатынға ұқсайды. Бірақ оның нәзіктігін көп адам біле бермейді. Ол кісінің сырты түтін болғанымен, іші жылы болатын. Сондықтан, Алматының бүгінгі ауа райы сол шараға байланысты салыстырғаным ғой енді. Мамамды менен артық білетін адам жоқ шығар", - дейді Фариза Оңғарсынованың ұлы Айбар ОҢҒАРСЫНОВ.

Ізін ала, жиналғандар қазақ әйелінің жан сырын ашқан ақынның өзі тұрған үйдің қабырғасына ілінген ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды.

Ұрпақты ұлтжандылыққа, адамгерiшілікке үйрететін қазақ поэзиясы падишасының биыл туғанына 80 жыл толды. Шара соңы Мұхтар Әуезов атындағы драма театрында салтанатты кешке ұласты.


Источник: zakon.kz

Поделиться:

Назад в категорию