Тұңғыш Президент Қоры жас ғалымдар арасында байқау ұйымдастырды

Тұңғыш Президент Қоры жас ғалымдар арасында байқау ұйымдастырды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры ұйымдастырған республикалық байқауда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жас ғалымдар Кеңесі үздік деп танылды, деп хабарлайды оқу орнының Баспасөз қызметі.

Дәстүрлі конкурсқа еліміздің ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарындағы жас ғалымдар Кеңестері қатысқан.

"Конкурстық комиссия жеңімпазды анықтау барысында ұйымның белсенділігі мен жұмыс нәтижелілігі, Кеңестің жүзеге асыратын шараларының ерекшелігі мен маңыздылығы сынды критерилерге сүйенген. Комиссия шешімі бойынша Қыздар университетінің жас ғалымдар Кеңесі барлық талаптар бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, "жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шықты", – деп атап өтті оқу орнының ресми өкілі Жандар Асан.

Жеңімпаз ұйым арнайы дипломмен және өз қызметін қолдау мен дамытуға арналған грантпен марапатталады. Марапаттау рәсімі 7 қараша күні Тараз қаласындағы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өтетін "Қазіргі Қазақстандағы инновациялық даму және ғылымның қажеттілігі" атты Халықаралық ғылыми конференция аясында өтпек.

"Конкурс жас ғалымдар Кеңесінің қызметін дамытуға септігін тигізеді. Байқаудың мақсаты – жас ғалымдардың бастамаларын қолдау, сондай-ақ олардың ғылыми бастамалары мен жобаларын жүзеге асыруға көмек көрсету", – дейді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының өкілдері.

Осы орайда айта кетейік, Мөлдір Абдраймова жетекшілік ететін университеттің жас ғалымдар Кеңесі студенттер мен жас ізденушілердің іргелі және қолданбалы зерттеулеріне қолдау көрсетіп, оқу орнының ғылыми әлеуетенің артуына серпін беріп келеді.


Источник: zakon.kz

Поделиться:

Назад в категорию